Вагон қараушы аса күрделі ақауды анықтады

Қаңтар айының соңғы күні шетпелік аға вагон қараушы Марат Берікбаев жүк вагонынан аса күрделі ақауды анықтап, апаттың алдын алды.

Теміржолдың вагон шаруашылығы саласында 12 жылдан бері еңбек ететін Марат Берікбайұлының ол күнгі кезекті жұмыс ауысымы түнгі мезгілге келді. Қостанай жақтан Ақтау портына бет алған астық тиелген жүк пойызын әдеттегідей техникалық тексеру кезінде вагонның дөңгелектерін балғасымен ұрып қарап жүріп басынан санағанда 31-ші вагонның бір дөңгелегінде ақау бар екенін анықтайды.

Дөңгелек жұбының бірінші арбашасын балғамен ұрғанда бөтен дыбыс шықты.

– Бұл ақау болу қаупі бар екенін білдіреді. Егер бәрі дұрыс болса, балғамен ұрғанда дыбыс қосарланбауы керек. Дереу оны тексеруге алғанда букстың подшипнигі сынып, орнынан 8 мм қозғалып кеткенін білдім. Бірден БУ-23 актісін толтырып, техникалық бақылау қызмет көрсету қосынының бастығына хабарластым. Әрі қарай маневрлік жұмыстар арқылы вагон пойыздан ағытылып, жөндеуге жіберілді де, пойыз қалған вагондармен өз бағытына аттандырылды, – дейді қырағы вагон қараушы.

Қырықты алқымдаған вагон қараушы осы уақыт ішінде өз ісінің білгіріне айналды. Бір ауысымда ол қарамағында 3 вагон қараушымен жұмыс істейді. Күн сайын жүк және жолаушылар пойыздарын қосқанда олар орташа есеппен 12-15 пойызды тексеріп, қауіпсіздігіне көз жеткізіп отырады.