Күрделі жөндеу кешеге дейін жалғасты

Өткен жылы Маңғыстауда 56,6 км темір жол күрделі жөндеуден өткізіліп, бунақты жолдар түйіспесіз барқыт жолдарға айналды. Түйіспесіз жолдың тиімділігі неде және күрделі жөндеу қай жерлерге жасалды? Бұл туралы Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің маманы айтып берді.

 Әрине, жолдың жаңаруы пойыздар қозғалысын жақсартып, тұтас түбек теміржолының көрсеткішіне оң әсер еткені айдан анық.

– Өткен жылдың үлкен жаңалығы 56,6 км жолымыздың су жаңа материалдармен күрделі жөндеуден өтуі болды. Жөндеу жұмыстары №14 бекет пен Шетпе станциясы аралығы 16,681 км, №9 бекет пен Сай-Өтес станциясы аралығы 17,918 км, №6-7 бекеттерден 22,002 км аралығында жасалды.

Бұл күрделі жөндеудің бұрынғы жолға қарағанда ерекшелігі ағаш шпалдар темірбетонды шпалдарға ауыстырылды. Түйіспесіз жолдың бунақты жолдан өзгешелігі түйіспелерге жұмсалған бекітпелер үнемді болады. Қоршаған ортаға шығатын шу да азаяды. Әрі темірбетонды шпалдардың қызмет көрсету мерзімі ағаш шпалға қарағанда 3-4 есе жоғары, ғұмыры анағұрлым ұзақ.

Оның үстіне темірбетонды шпалдар экологиялық таза өнім болып табылады. Күрделі жөндеуден кейін аймақта жолаушылар пойызының жылдамдығын 60 шқ/сағаттан 90 шқ/сағатқа дейін көтеру ұсынылды. Яғни, жылдамдық көтерілсе, қай жағынан да тиімді де үнемді болмақ, – дейді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің жетекші инженері Марлен Көктеубаев.

Бөлімшеде былтыр он екі ай ішінде бірде-бір қозғалыс қауіпсіздігін бұзу дерегі тіркелмеген. Жол өлшегіш вагонының тексерісі қорытындысы бойынша жол күтімі 56 бірлікке орындалып, 121 пайызды құраған. Жоспар 71 бірлік болған. ПРСМ секілді ауыр жол машиналарының көмегімен жол табаны сауықтырылған. Күннің ысуына байланысты рельстік бунақтарда ауыр жол машиналары жұмысынан кейін температуралық кернеуді ретке келтіру жұмыстары жүргізілген.

Аймақта күрделі жөндеу кешеге дейін жалғасты деуге болады. 2019 жылдың қараша айында ЖетібайӨзен аралығына ескі материалдарды пайдаланумен 21 км жолда орташа күрделі жөндеу басталған. Жол құрылысы осы айдың соңында мәреге жетті. Сондай ақ, жолдың жағдайын жақсарту мақсатында бүйірлік тозуға байланысты ескі материалдармен 3,125 км рельс, 1 км түйіспесіз жол ауыстырылған. Теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасын болдырмау бағытында 4750 автокөлік жүргізушісі теміржол өткелінен өту тәртібімен таныстырылып,14 км малға қарсы қоршау салынып, 20 км жөнделген. 11 рет мал иелерімен жиын өтіп, 3426 мал иесіне теміржол аумағында мал бағу ережесі ескертілген.

− Темір жолға жайылатын мал мәселесі әлі күнге өткір тұр. Жергілікті телеарнадан «Мал иелеріне арналған жолдау» жүргізілді. Облыс әкіміне хат жолданып, нәтижесінде облыс көлемінде жұмыс тобы да құрылды. Осы жұмыс тобындағы әкімшілік қызметкерлері, «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері, Көлік бақылау инспекциясы, прокуратура және ішкі істер қызметкерлері барлығы бірлесіп теміржол өткелдерін тексерді. Нәтижесінде Шетпе станциясы-№14 аралығындағы 314 км өткелге көпір салуды қарастыру және бейнебақылау орнату, теміржол өткелдері арасындағы жүк көліктері жүретін қиыршық тасты жолды жабу, Маңғыстау-Өзен аралығындағы 2 км өткелге көпір салуды қарастыру және бейнебақылау орнату, Өзен станциясында орналасқан 179, 181 км өткелдерге бейнебақылау қою, БейнеуСай-Өтес теліміндегі 31 км пк5 жол көпірінің салынуына байланысты пк6 орналасқан жол өткелін жабу туралы шешім қабылданды, – дейді Марлен Көктеубаев.