Сырдан төнген қауіп жоқ

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру мақсатында бірнеше кешенді шаралар қолға алынуда. Бірінші кезекте Сырдария өзенінде қатқан мұздан, жауын-шашыннан, еріген қар суынан теміржолға төнетін қауіптің алдын алу шаралары жүріп жатыр.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы тарапынан Қ.Әлмағанбетовтің «Теміржол мен жасанды құрылыстарды қарқынды су, мұз бен еріген қар суының өткізілуіне әзірлеу» жайлы №7-ЦЗ бұйрығы негізінде барлық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі Жол бөлімінің инженері Аралбек Нұрмағанбетов аталған шараларға қатысты дайындық жұмыстарының жоспарлы жүргізіліп жатқанын, Сырдария өзені суынан теміржолға әзірге айтарлық қауіп жоқ екенін айтты.

– Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан секундына 877 текше метр су келіп, оның 400 кубы төменгі ағысқа ағып жатыр. Ал жобалық су өткізу қабілеті секундына 1800 кубтық Көксарай су торабына секундына 500 текше су құйылса, онан секундына 300 текше су өзеннің төменгі ағысына босатылуда екен. Бұл көлемдегі өзен суынан аймақ теміржолына әзірге қауіп байқалмайды, – деді ол.

Жалпы Сырдария өзенінің арнасымен өткізіліп жатқан судың жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында. Мәселен, өзен арнасындағы ахуал ҚР АШМ Су ресурстары комитеті «Қазсушар» мекемесі, Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы және Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мамандары тарапынан тексерілуде.

Бұған қоса күнделікті өңірдегі теміржол бойында жұмыс жасайтын теміржолшылар да өз телімдерінде қар суынан, өзен суынан және басқа да жағдайлардан қозғалыс қауіпсіздігіне төнетін қауіпті зердеге салып бақылап отыр. Және жоғарыдан жеткен пәрмен негізінде теміржолшылар қауіпқатер байқалса, тәуліктік бақылау ұйымдастырып, дария бойын жылдағы дәстүрмен тәулік бойы бақылауға алуды жоспарлап отыр.