Жол күтімі жоспарға сай

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда жол дистанциясының теміржолшылары өз телімдерінде апаттық жағдайлар мен оқиғаларға орын бермей өткен жылды табысты қорытындылай білді.

Дистанция бастығы Мейірхан Бейсенбаев пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін толық сақталғанын айтады. Жол күтімінің 54 бірлікке белгіленген көрсеткіші 52 бірлікке жеткізіліп, жоспар 104 пайызға орындалып отыр. Жалпы алғанда Сауран мен Жосалы станциялары арасында созылып жатқан төрт жүз шақырымға жуық дистанция телімдерінде өткен жылы 3 оқыс оқиға тіркеліп, алдыңғы жылдан біреуге болса да кеміген.

Өткен жылы дистанция теміржолшыларының салдарынан жолаушылар және жүк пойыздарының кідіруі тіркелмеген. Тепловоз машинистері 94 рет жедел тежегіш басуға мәжбүр болған. 42 рет жолға иесіз малдың шығып кетуінен, оның ішінде 6 рет малдың пойызға басылуы тіркелсе, 43 рет жолға бөгде адам шыққан, 5 мәрте жол жағдайына қатысты және 1 рет жол өтпесінде автокөліктің жол ережесін бұзуы тіркелген. Мәліметке сүйенсек, жолға мал шығу жағдайы 2 және 5-телімдерде жиі орын алған екен.

Жолға иесіз малдың шығуына тосқауыл болу үшін жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары, рейд және жол бойын қоршау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы 50 шақырым жолды қоршау жоспарланса, дистанциялықтар бұл жоспарды асыра орындап, 52 км жол бойы қоршауын жөндеген.

– Өткен жылдың желтоқсан айында ұжым жолшылары малға қарсы жасалған сым қоршауларына күрделі жөндеу жұмысын жасап, 7,123 шақырым тікенек сым тартып, бағаналар тұрғызды. Жалпы 2019 жылға жоспарланған 50 шақырымдық аумаққа сым тартып қада қағу жұмысы 52,7 шақырымдық аумаққа ұласып меже артығымен орындалды. Темір жол маңында мал бағу ережесімен 13475 тұрғын таныстырылды, дегенмен иесіз малдың жолға шығып кету жағдайы азаяр емес, – дейді Қызылорда жол дистанциясы техникалық бөлімінің басшысы Кенже Қойшыбаева.

Өткен жылы дистанциядағы жұмысқа жарамды 15 ақаутапқыш арбамен 1651 шақырым негізгі жол, 134 шақырым қабылдап-жөнелту жолдары мен 1067 жинақ жол бұрмалары тексеріліп, анықталған кемшіліктер дер кезінде орнына келтірілген. Рельс тізбектері жұмысы мен АЛСН құрылғысы жұмысының бұзылуы тіркелмеген. Дегенмен жол күтімінде 2-дәрежелі, 3-дәрежелі ауытқулар анықталғанмен, «қанағаттанарлықсыз» телім тіркелмеген.

– Жалпы 2019 жылы дистанция бойынша жолдардың технологиялық талапқа сай болуын қамтамасыз ету, жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру мақсатында ағымдық жол күтімімен қатар ауыр жол машиналары да пайдаланылды. Жол машиналарының жұмысы жоспарға сай жүргізілді. РМ машинасымен 12,16 км, Дуомат, ДГС машинасымен – 132,6 км, ПБР-мен-292,4 км, ШОМмен – 21,660 км және Атлас машинасымен 44,4 км жолға күтім жасалынды, – деп мәлімет берді техникалық бөлімінің басшысы Кенже Қойшыбаева.