Семейде қармен күрес қарқын алды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Биылғы қыста қар жылдағыдан екі есе көп түскендіктен шығыстағы теміржолшыларға біршама қиындықтар туғызып отыр. Сондай-ақ, қарлы боран да теміржолшыларды күнделікті жұмыс ырғағынан жаңылдырып тұрған жайы бар. Бүгінде Семей ЖТ бөлімшесі қызмет көрсететін желі бойында, әсіресе жолшылардың еңбегі қауырт.

Өткен демалыс күндері теміржолшыларға елеулі машақат әкелді. Сенбі, жексенбі күндері барлық жол дистанцияларының еңбеккерлері қарлы боранның салдарын жоюға шықты. Әсіресе, қос бағытта қызмет көрсететін Жаңа-Семей дистанциясы көп күш жұмылдырды. Өйткені, дистанцияға қарасты 239,3 шақырымдық бас жолдың 74,5 шақырымы қар басып қалатын қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан ПЧ-40 теміржолшылары телімнің осы бөлігіне барынша күш салып жатыр. Жаңа-Семей жол дистанциясының иелігінде 9 бірлік қар күрегіш, қар тазалағыш техника бар. Бұл қызметтік көліктерде бүгінде еш тыным жоқ. Тек станция басында ғана бригада ауысқанымен техникалар тәулік бойы жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде қаңтардың 10 мен 20 аралығында қармен күрес қарқынды жүрді. Дәл осындай шаралар Семей жол дистанциясы бойынша да орын алуда.

– Биыл қар сенбіліктерін желтоқсан айынан бастап қолға алған болатынбыз, дегенмен соңғы тәуліктерде қар толассыз жауғандықтан күшейтілген режимде жұмыс жасап, жұмыла кірісуге тура келді. Қазіргі күні бұл іске дистанцияға қарасты барлық жолшылар толық жұмылдырылған. Станциялық жолдар мен бағыттамалы бұрмаларды қардан тазарту мақсатында бірнеше мәрте кең көлемді қар сенбілігі өткізілді. Оған жолшылардан басқа құрама қызмет өкілдері, яғни ЭЧ18, ШЧ-29, ВЧДЭ-23 және Семей локомотив пайдалану депосының теміржолшылары да қатысты. Соның нәтижесінде желі бойында қолайсыздықтар туындаған жоқ, бірде-бір рет пойыз қозғалысына кедергі келген жоқ. Қар сенбілігі таяу аралықта тағы өткізіледі, – дейді ПЧ-39 мекемесінің бас инженері Мырзабек Керейбаев.

Айта кетерлігі, Семей жол дистанциясы бойынша да қар басу мен көктемгі тасқынға байланысты қауіпті аймақтар көп. Белағаш, Ауыл, Дүйсекен сынды қар кісі бойынан келетін, жиі бұрқасындататын станцияларда тәуліктік кезекшілік қойылған. Табиғаты аса қатаң Аягөз өңірінің теміржолшылары да қармен күресті қарқынды жүргізуде. – Соңғы көрсеткішке сүйенсек, Аягөз, Жарма өңірі бойынша қар айлық нормадан әлдеқайда көп түсіпті. Дәл бүгінгі күнге дейін СМ-2 техникасының күшімен 2 140 текше метр қар шығарылған. Ал, 900 куб метр қар арнайы платформалармен шығарылды, – дейді Аягөз жол дистанциясының техникалық бөлімінің басшысы Болат Мустафинов.

Жалпы, желі бойындағы станцияларды қоса алғанда 200-дің үстінде адам қар шығару науқанына жұмылдырылған. Кірме жолдар мен бағыттамалы бұрмалар күртік қардан аршылып, жол бойындағы байланыс құрылғылары, құбырлар, көпірасты сай-салалары, станциялық жолдар, перрондар, қызметтік өткелдер түгелдей дерлік тазартылған.

– Жарма мен Ақтоғай арасындағы 225 шақырымдық бас жол толықтай қадағалауда. Оның ішіндегі 211 бағыттамалы бұрма мен 77 қабылдап алужөнелту жолы да қатаң назарда ұсталуда. Әсіресе, қарлы боранның өтіндегі Аягөз-Ақтоғай теліміндегі Көшкентал, Темекілі, Ақболат, 27-ші жол айрығындағы жұмыс қауырт. Сол тәрізді ЖармаАягөз аралығындағы жиі бұрқасындататын Егізқызыл, Айғыржал, Қарақойтас, Алтынқолат, Еңірекей сынды 5 класты станциялардағы жолшылар да бел шешпей еңбектенуде, – дейді Аягөз жол дистанциясының басшылығы.