Өнертапқыш теміржолшы

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының Жалағаш станциясындағы СОБ электромеханигі болып жұмысқа қабылданған күннен бастап Нұрлан Жәнібеков алдына мақсат қойды. Және осы жылдар ішінде сол мақсатына қол жеткізді.

Алматы теміржол институтын 1986 жылы тәмамдап кәсіби маман атанғанда ол алған білімін тәжірибеде шыңдап өз ісінің кәсіби маманы болуды көздеген еді. Нұрлан Мирамұлы сенім тобының СОБ учаскесінің инженері, КИП ДЦ цехының аға электромеханигі, Қызылорда электромонтаж пойызы техникалық бөлімінің басшысы қызметінде өзін тек жақсы қырынан танытып, басшылықтың сеніміне ие болды. Бірнеше жылдан соң дистанцияның орталық және диспетчерлік бақылау постының аға электромеханигі болып ауысып күні бүгінге дейін қызметін жалғастырып келеді. Жосалы мен Түркістан станциялары арасындағы телемеханикалық және автоматты байланыс құрылғыларының жұмысын қадағалау, оларға жасалатын техникалық күтім және жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылау және жұмыстан тыс қалған байланыс құрылғыларын жөндеп, техникалық күтім жасап қайта жұмыс жасауын бақылап отыру – Нұрланның күнделікті атқаратын кәсіби жұмысы. Сонымен қатар ол қарамағындағы диспетчерлік басқарудағы ауысым электромеханиктерінің жұмысын үйлестіріп бақылап отырады. Ол жұмыс жасайтын цехтың жұмыс өнімділігі 101,3 пайызды құрап отыр, демек жүктелген міндеттемелердің барлығы артығымен орындалуда деген сөз. – Нұрлан Жәнібеков дистанциядағы өз жұмысын жақсы жүргізумен қатар өзге өңірлердегі әріптестеріне техникалық көмек беруге де үлгере біледі. Мәселен, 2008 жылы байланыс құрылғыларын нормативтік жоспарға сай жетілдіріп дамыту мақсатында дистанцияның 26-бекетінде МПЦ «Диалог» жаңа құрылғысын қосуға атсалысты. Биыл Защита белгі беру және байланыс дистанциясында дәл осы МПЦ «Диалог» құрылғысын іске қосуға үлес қосып келді, – дейді Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Әкімжан Қосанов. Нұрлан сонымен қатар Түркіменстан-Болашақ жаңа телімінің Ақжайығында, Астана сұрыптау дөңесінің реконструкциялануы кезінде байланыс құрылғыларының орнатылып іске қосылуына, Илецк станциясында ЭО постын өрттен кейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан екен. Әрине мұның барлығы кәсіби маманның жұмысына жауапты, ісін тындырымды жүргізіп, жауапкершілікті толық сезіне білетін теміржолшы екенін айғақтаса керек. – Аймақ теміржолшылары арасында өздерінің кәсіби жауапкершіліктеріне қоса рационализаторлық жұмысты өрістетіп, оны өндірісте үйлестіріп жүрген бірнеше өнертапқыш бар. Солардың ішінде Нұрлан Мирамұлының шоқтығы биік. Ол әр жыл сайын бірнеше рет рационализаторлық жаңа туындылар ұсынып келеді. Биылғы жылдың өзінде «Ktzhcdi 1.0 бағдарламасын іске қосу», «ДИМ-1-RWD типті микроэлектронды импульсті датчикті алып тастау», «Бағдаршам лампасын тасымалдауға арналған контейнер», теміржол өткелдерінде РТА трансформаторын қосымша қосу», «БС-ДА өлшегішінің 1.1А блогы релесінің уақытша параметрлерін өлшеу» секілді бес өнертапқыштық ұсыныс енгізді. Ал 2010 жылдан бері 24 рационализаторлық ұсыныс жасап әріптестеріне үлгі көрсетіп келеді, – деді Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі ғылыми-техникалық талдау және анализ орталығының басшысы Сарқыт Шакманова. Дистанциядағы байланыс құрылғыларының кейбірі жөндеуді қажет ететіндіктен ескіні жамапжасқап пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға барынша дайындық жасайтын теміржолшылар арасында өнертапқыштық кең өріс алған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де жаңа құрылғы жасауға тосыннан келмегенін, ескіні жаңартып жұмыс жасау қажеттілігі туындағанда өзінің де өнертапқыш атанғанын айтады. – Дистанцияда қолданыстағы байланыс құрылғыларының арасында тым ескілері де бар. Осы құрылғыларды жаңарту мақсатында өзімізге жүктелген жұмыстардың сапалы орындалуы үшін, құрылғылардың жұмыстан тыс қалмауы үшін іздендік, рационализаторлық ұсыныстар жасадық. Құрылғыларды жөндеу, техникалық күтім жасау, учаскелердің жұмысын жеңілдету үшін оларды тексеретін жаңа стендтер жасап, оларды өндірісте қолданысқа енгізіп, жұмысымызды жеңілдетудеміз және осылайша жаңалықтар ашудамыз, – дейді өнертапқыш теміржолшы.