Контейнерлік пойыздар көбейген

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Өткен жылы Қазақстан аумағы бойынша 5,3 мыңнан астам контейнерлік пойыздың өткізілімі ұйымдастырылған, бұл көрсеткіш алдыңғы жыл деңгейіне қарағанда 18% жоғары. Пойыздар қозғалысының орташа жылдамдығы 1007 км/тәулікті құрап, ол 11%-ке өскен.

Нақты деректерге жүгінсек, 2019 жылы Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағдары бойынша қатынаған контейнерлік пойыздар саны 2018 жылмен салыстырғанда 5%-ке өсіп, 3071 пойызды құраған. Пойыздар тәулігіне 1034 шақырымдық орташа жылдамдықпен жүріп отырған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жыл көрсеткішінен 15%-ке жоғары болып отыр. Мамандар жылдамдықты өсіруге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бекітілген, Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы контейнерлік пойыздардың бағдарлық жылдамдығын арттыру бойынша Жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілгенін айтады. Осы бағдарлама шеңберінде контейнерлік пойыздардың жол үстінде аялдауы, локомотив бригадаларының алмасуы, локомотивтерді ауыстыру және техникалық бақылау жүргізу уақыттары қысқартылған. Сонымен қатар контейнерлік пойыздардың көп кідірмей өтуіне қатысты басқа да шаралар жүргізілген. Бүгінде 2020 жылға арналған осыған балама жоспар әзірленген.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қытайдан Еуропаға бағытталған ұзындығы 11,5 мың шақырымды құрайтын бірінші пойыз жөнелтіліп, ол Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия және Словакия арқылы Чехия астанасы Прагаға жеткен болатын. Сондай-ақ, былтыр Ақтау порты арқылы жаңа фидерлік бағдар бойынша Әзербайжан, Грузия, Түркия бағытына 73 контейнерлік пойыз жөнелтілді.