2020 жыл: даму бағыты қандай?

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

 «Қазақстан темір жолы» компаниясы үшін алдағы жылдың басты міндеті – әрине, жүк және жолаушылар тасымалы бойынша елдің сұранысын қамтамасыз ету, темір жол көлігінде тасымал қауіпсіздігін, экономикалық қызмет тиімділігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым саласын нығайту болып қала бермек.

Салада Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту мен көліктік машина құрастыру ісіне айқын басымдық берілуде. Осы міндет бойынша жұмыстарды жүзеге асыру үшін ұлттық компания техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, өзінің негізгі өндірістік активтерін жаңарту бойынша жобаларды енгізуде және жүзеге асыру жолында жұмыс жасауда.

2020 жылы темір жол инфрақұрылымын жаңарту үшін жолдың жоғары төсемдері мен жасанды имараттарға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар электрмен жабдықтау құрылғыларын жаңарту, электр энергиясының коммерциялық есебі автоматтандырылған жүйесін жаңғырту, микропроцессорлық орталықтандыру жүйесін енгізу, сумен, жылумен қамту және кәріз нысандарына күрделі жөндеу жүргізу бойынша жұмыстар жоспарланып отыр.

Функционалды мүмкіндіктерді кеңейту үшін тасымал үдерісін басқару орталығын құру, Құрық порты кеме жасау кешенін әрі қарай дамыту, темір жол вокзалдарын қайта құру көзделуде. Жылжымалы құрамды жаңарту бойынша бағдарлама шеңберінде 2020 жылы 250-ден астам жылжымалы құрам алу қарастырылуда. Соның ішінде жолаушылар және жүк вагондары, локомотивтер, арнайы жылжымалы құрам бар. Сондай-ақ 2100-ге жуық жылжымалы құрам күрделі жөндеуден өткізілмек.

Қауіпсіздік пен энергия тиімділігі деңгейін арттыру үшін пойыз жүргізуді бақылаудың цифрлық жүйесі мен қозғалыс қауіпсіздігінің заманауи локомотивтік борттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Ал жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық еңбек жағдайын жақсарту үшін өндірістік-техникалық ғимараттар мен орындарға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жалпы алғанда компания бойынша осындай бағыттарға келесі жылы 250-ге жуық шара атқару қарастырылуда.