Транскаспий бағыты бойынша қосымша фидерлік сервис іске қосылды

Каспийдегі Транскаспий бағыты бойынша қосымша фидерлік сервис іске қосылды. Ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында Ақтау портынан Ақтау-Баку-Ақтау бағыты бойынша 224 ДФЭ сыйымдылығы бар екінші «Бекет Ата» кемесі жұмысын бастады.

Мамандардың айтуынша, екінші Каспий фидері де бекітілген кесте бойынша жүреді. Кемені тиеу шамамен 12 сағат алды. Айтулы жөнелтілім жүктерінің номенклатурасы: ферросилициум, томат пастасы, жасымық және ҚХР-дан халық тұтынатын тауарлар.

Атап айтарлығы, Қазақстан аумағында фидерге Қарағанды мен Көкшетаудан келген отандық экспорттаушылардың контейнерлері қосымша тиелді. Баку портына келгеннен кейін контейнерлер әртүрлі бағыттар бойынша: Грузияға, Түркияға және Еуропаға ТМТМ бағыты бойынша жөнелтілетін болады.

Жүк жөнелтушілер фидерлік желі тауарды жеткізу мерзімін қысқартатынын және ТМТМ бағыты бойынша контейнерлерді тасымалдаудың жақсы көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, бірінші қазақстандық фидерлік кеме Ақтау портынан Бакуге ағымдағы жылдың 16 сәуірінде іске қосылған болатын және тұрақты апта сайынғы негізде жүреді. Соның арқасында Қытайдан Еуропаға біріктірілген транзиттік жүктер қазақстандық экспорттық жүктермен қатар контейнерлерде жедел режимде тасымалданады.