Цифрлық трансформация: үнем, тиімділік және қолайлылық

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

18 желтоқсанда елордада өткен «Цифрлық трансформация: ел экономикасының өсу нүктелері» атты Digital Samruk 2019 конференциясына қатысқан теміржолшылар олжалы болды. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәуірбаев «Республикаішілік қатынаста Келісімшарт және коммерциялық жұмыстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесіне (АСУ ДКР) тасымалдау құжаттарын ресімдеудің қағазсыз технологиясын енгізу» жобасының демеушісі ретінде цифрлық трансформация бағытында білімін жетілдіруге сомасы 1 млн теңгені құрайтын сертификатпен марапатталды.

Аталған жоба тасымалдау құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеуден электрондық рәсімдеу форматына көшіруге бағытталған. Бұл келешекте республикаішілік қатынаста тасымалдауды жоспарлау, ұйымдастыру, жүзеге асыру және қызметтерді төлеу кезінде клиент үшін «бірыңғай цифрлық терезе» құруға ықпал етпек.

«Республикаішілік қатынаста АСУ ДКР-ға тасымалдау құжаттарын ресімдеудің қағазсыз технологиясын енгізу» жобасын енгізу нәтижесінде жүк жөнелтушілерге кеңседен шықпай-ақ, тасымалды қашықтан ресімдеу мүмкіндігі, жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының тасымалды ресімдеуге кететін уақытын анағұрлым қысқартуға, тасымалды рәсімдеу процедуралары мен оның төлемінің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту мүмкіндігі туады деп күтілуде. Сонымен қатар қағаз құжат айналымының азаюына байланысты қағаздар сатып алуға және оргтехникаларға қызмет көрсетуге кететін шығындар оңтайландырылмақ. Конференцияға қатысып, сөз алған ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин цифрландыру жобалары белсенді енгізіліп жатқан секторлар қатарында көлік, қаржы және тау-кен-металлургиялық кешенін атап өтті.

«2018-2019 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы нәтижелері де бар, жал пы экономикалық тиімділік 600 миллиард теңге немесе 1,5 млрд долларды құрап отыр. Бізге бұл жұмысты жалғастыру керек. Біз мейлінше ілгері жылжыған жекелеген салалар бар, олар – қаржы, көлік секторларымен қатар таукен-металлургиялық кешені», – деді Үкімет басшысы. Ал «Самұрық-Қазына» Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» трансформациялау бағдарламасы шеңберінде нақты жобаларды жүзеге асыру есебінен екі жылдағы пайда көлемі 86 млрд теңге шамасын құрайтынын атап өтті. Digital Samruk 2019 конференциясы аясында «Адамдар – Процестер – Технологиялар – Деректер» деп төртке бөлінген панельдік сессия жұмыс істеді. Технологиялар панельдік сессиясына «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «Қазтеміртранс» АҚ бас директоры Дәурен Бимов қатысып, диалог форматында өткен басқосуда ҚТТға енгізіліп жатқан ІТ-технологолиялар туралы әңгімелеп берді. «Бізде ІТ-жобалар көп. Қазіргі уақытта біз клиенттің жеке кабинетін әзірлеумен айналысудамыз. Клиент біздің сайтта тіркеліп, жеке кабинетке кіру рұқсатын алған соң, ол оператор тарифінің ставкасын есептеу үшін электрондық калькуляторды пайдалана алады. Сондайақ, ол жерде шарт жасасуға өтінім рәсімдей алады, шарттардың жобаларын көшіріп алып, зерттеуіне болады. Одан әрі, егер ол біздің клиентіміз болып жатса, жеке кабинет арқылы өз вагондарының  орналасуын қадағалап, есеп айырысу шотындағы алдын ала төлем қалдықтарын көре алады. Мүмкін, ЭЦҚ көмегімен біз бірден түпнұсқалар мен қолтаңбаларды алмасатын боламыз. Бұл жобаны жыл соңына дейін жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Дәурен Бимов. Сонымен қатар «Қазтеміртранста» менеджерлердің барлық жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «СТЖ-кешен» жүйесі жұмыс істеуде. Ол жеделхаттарды, нұсқаулықтарды қалыптастыруға, интерактивті картада вагондарды бақылауға және олардың орналасуын кестелік түрде көруге мүмкіндік береді. Жаңарту – вагон мәртебесі өзгергенде «онлайн» режимінде жүзеге асады. Қазір бұл жүйе жөндеу мен қосалқы бөлшектерді, олардың ауысуын, есебін бақылау мақсатында вагон бөлігі бойынша толықтырылуда екен.  

Бұдан бөлек вагон операторы компаниясында «Электронды планнер» іске қосылған. Бұл технология «онлайн» режимінде жұмыс істейтіндіктен, алыс жолдардағы іссапарларда да мобильді құрылғының көмегімен тапсырмалардың орындалу барысын және қызметкерлердің өнімділік динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Ал компанияға енгізілген электрондық мұрағаттың арқасында енді барлық қажетті құжаттар «онлайн» режимінде қолжетімді болып отыр. Сондықтан басқа құжатты алу үшін адамдарды тартудың қажеті жоқ. Міне, осы сияқты тағысын тағы ІТжобалардың енгізіліп жатқаны туралы мағлұматпен бөліскен ҚТТ басшысы келешекте цифрлық трансформациялау бағдарламасы жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.