Баскетбол - семейліктердің сүйікті ойыны

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшылар арасында ең жақсы дамыған спорт түрі ол – баскетбол. Сондықтан оны ойнаушылар да көп, небір шебер ойыншылар бар. Жуырда жергілікті сала қызметкерлері допты ойынның осы түрі бойынша бөлімше біріншілігін өткізіп, өзара мықтыларды анықтады.

Бұл жолғы сайысқа 70-тен аса адамнан тұратын барлығы 9 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Бұл бұрынғы жарыстарға қарағанда өте үлкен көлемдегі көрсеткіш болып саналады.

Командалардың барлығы өзара үш топқа бөлініп, алма-кезек кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде барлық командалар ойыншылары бір-бірімен шеберлік сынасып, ең мықтылар анықталды. Нәтижесінде ақтық финалға Семей және Жаңа-Семей, сондай-ақ, Белгі беру-байланыс саласы – ШЧ-29 командалары суырылып шығып, қызу бәсекеге түсті. Ақтық ойын болғандықтан да, қорытынды сәт мейлінше тартысты әрі шиеленісті өрбіді. Себебі, аталмыш командалардың барлығы да баскетбол ойынынан әр жылдар бойынша бөлімше чемпиондары саналатын кіл мықтылар еді.

Десек те, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бірінші орынды спорттың кез келген түрінен ешкімге дес бермей жүрген ШЧ-29 мекемесінің теміржолшылары бұл жолы да айқын басымдылықпен жеңіп алды. Ал екінші орынға Семей станциясының ойыншылары тұрақтаса, жүлделі үшінші орынға ЖаңаСемей станциясының баскетболшылары ие болды.

Барлық жеңімпаздар арнайы кубоктармен, мақтау қағаздарымен, сонымен қатар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Семей ЖТ бөлімшесінің «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкованың айтуынша, қысқы маусымға байланысты теміржолшылардың спорттық өмірі алдағы уақытта таза ауа, тамаша табиғатта шаңғы жарысы, тағы басқа ойындарға ұласып, қызықты әрі тартымды бола түспек.