Сапалы сервис – транзиттік тасымал өсімінің кепілі

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылдың 19 қараша күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Павел Соколовтың жетекшілігімен «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Цифрлы трансформациялау» бағдарламасының «KTZ Express» АҚ жобалары мен іс-шараларының жүзеге асырылу барысы талқыға түскен Ақпарат күні өтті.

Маңызды басқосуға «KTZ Express» АҚ компаниясының қызметкерлері, жоба жетекшілері қатысты. Күн тәртібінде алты жоба қарастырылды. Алдымен «Цифрлы трансформациялау» бағдарламасы туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Бизнесті трансформациялау орталығы директорының өзгерістерді басқару жөніндегі орынбасары Дина Медеубаева баяндап берді. Ол өз сөзінде Ақпарат күнінің маңыздылығына тоқтала келіп:

«Ақпарат күні, шын мәнінде, жоба қалай жүзеге асырылып жатыр деген мәселеде маңызды рөл атқарады. Жоба жүзеге асырылу керек деген шешім қабылданғандықтан емес, оны іске асыруға қажеттілік жағдайы туындағандықтан жүзеге асырылуы керек, ал осы тұрғыда Ақпарат күні маңызды тарату нүктесі болып табылады, неге десеңіз, жобаларға қатысушылар қандай жобаларды жүзеге асырып жатқанымызды және оларды іске асыру арқасында қандай жетістіктерге қол жеткізетінімізді бір деңгейде, бір кісідей дұрыс түсініп ұғынулары керек. Кірісті арттыруға және логистикалық қызметтерді ұсыну қызметін арттыруға бағытталған жобалар Трансформациялау бағдарламасының орталығы болып табылады. Трансформациялау бағдарламасының жобалар портфелі үлкен, онда 60 жоба мен шаралар қарастырылған, олардың бәрі өз кезегінде 13 стратегиялық бастаманы қолдайды. Бұл бастамалар мен жобалар және шаралар Ұлттық компанияның 2029 жылға арналған Даму стратегиясында алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Сондықтан Компанияның алдында тұрған проблемалар мен оларды шешу жолдары көрсетілген Стратегияны оқып танысу Компанияның әрбір қызметкерінің парызы деп білемін. Сіздер Стратегиямен таныса отырып, трансформациялау бағдарламасының және оның жобалары мен шараларының, бастамаларының арасында тығыз байланыс бар екенін бірден байқайсыздар. Яғни, Цифрлы трансформациялау бағдарламасының басты мақсат-міндеттері – операциялық тиімділікті арттыру, компания бағасын арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту, өндіріс қауіпсіздігін арттыру, көліктіклогистикалық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, яғни компания қызметіндегі маңызды бағыттар», – деп атап өтті.

Бұдан кейін «KTZ Express» АҚ бас директорының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Саят Қайгелдинов «Транзиттік тасымалдар мен олардан түсетін кірістерді ұлғайту» жобасы туралы таныстырды. Оның айтуынша, «KTZ Express» АҚ бизнесін трансформациялау бойынша жобалар Ұлттық компанияның Даму стратегиясы шеңберіндегі «KTZ Express» АҚ бизнесін дамыту стратегиялық бастамаларына негізделеді. Мәселен, «Цифрлы трансформация» бағдарламасындағы «Транзиттік тасымалды ұлғайту» деп аталатын №4 бастама «KTZ Express» АҚ-на тиесілі екен. Бұл бастама бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі «Транзиттік тасымалдарды және олардан түсетін кірістерді ұлғайту» болып отыр.

«Транзиттік тасымалдарды және олардан түсетін кірістерді ұлғайту» жобасынан күтілетін тиімділіктерге келсек, олар сату функцияларының тиімділігін арттыру; компанияны басқарудың тиімді моделі; компания бизнес-процестерін автоматтандыру; ағымдық бизнес-бағыттардың тиімділігін арттыру, яғни ТМТМ, ОТЛК, халықаралық транзит шеңберінде контейнерлік пойыздар, контейнерлік сервис және жаңа бизнес-бағыттарды дамыту, олар – «салқын пойыздар», Каспий арқылы фидерлік қатынас, «RailAir». Бұл жобаның басты мақсаты ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша контейнерлік тасымал көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 18% өсіру екен. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше міндет алға қойылған. Соның бірі – 2020 жылға қарай вагон тасымалының көлемін 1,7 есеге ұлғайту. Яғни, 2019 жылы 1793 мың тонна болса, 2020 жылы 3093 мың тоннаға жеткізу. Бүгінде қандай шаруа тындырылды дейтін болсақ, 2019 жылдың 10 айында 2 100 мың тоннаны құрайтын жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілген. Екіншіден, вагондарда транзитті жүк, яғни пиломатериалдар, мұнай өнімдері, кокс, кен, азық-түлік өнімдері, тағы басқаларының тасымалдары ұйымдастырылған. Сонымен қатар қазір 2020 жылға арналған клиенттермен келісімшарттар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. Аталған жоба аясында Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары және Қытай – Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағдары бойынша ынтымақтастық шеңберінде контейнерлік тасымалдарды ұйымдастыру шарасы бойынша алға қойылған міндеттер толығымен орындалған. Яғни, фитингілік платформалардың айналымдылығы қысқарып және биыл 9 000 ЖФЭ жоспарлық көрсеткішіне қол жеткізілген. «Rail-Air» мультимодальды схемасы бойынша жүктерді тасымалдау бағытында «Rail-Air» тасымалына тарифтер жасалып, олар KTZ корпоративтік сайтына орналастырылған. Саят Қайгелдинов «Транзиттік тасымалдарды және олардан түсетін кірістерді ұлғайту» жобасынан күтіліп отырған тиімді шараның бірі ретінде KTZE меншігіндегі және сырттан тартылған рефрижераторлық контейнерлерден тұратын «салқын пойыздар» қатынасын ұйымдастыру екенін айтып өтті. Оның айтуынша, бүгінде KTZ меншігінде 430 рефрижераторлық контейнер бар. Биылға қойылған міндет, 1968 ЖФЭ контейнерден тұратын пойыз қатынасын ұйымдастыру екен.

Ал 2020 жылы 7872 ЖФЭ контейнер, яғни аптасына 2 контейнерлік пойыз ұйымдастыру. Не істелінді дейтін болсақ, бүгінде Шұқырсай ст/Ташкент ст-Товарный-Селятино станциясы (Мәскеу темір жолы) бағдары бойынша келісілген кесте тізбегінің пойыздар қозғалысының кестесі қолданыста бар. Сонымен қатар «KTZ Express» АҚ Ақтау портынан Потиге, КЗХ станцияларына бағытталған және де «KTZ Express» және Грузия темір жолдарының меншігіндегі контейнерлерді пайдалана отырып, тұрақты рефрижераторлық контейнерлер бағдарының экспедиторы болып отыр. «Транзиттік тасымалдарды және олардан түсетін кірістерді ұлғайту» жобасы шеңберінде «ИРС-тасымалын енгізу» міндеті жүзеге асырылып жатқанынан «KTZ Express» АҚ бас ин женері Серік Төлебаев хабардар етсе, Контейнерлік ағындардың технологиясын енгізу бойынша жоба алдындағы зерттеу туралы бас директордың операциялық қамтамасыз ету бойынша орынбасары Шыңғыс Төлеушин баяндап берді. Сонымен қатар Ақпарат күні аясында «LCL-тасымалдарды дамыту» жобасы, «Логистикалық аутсорсинг қызметтерін енгізудің қонымдылығы» жобасы алдындағы зерттеу, «Маркетинг және сатылымдар» жобасы туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, таныстырылды. Өз кезегінде «KTZ Express» АҚ бас директоры Дмитрий Абдуллаев Цифрлы трансформациялау бағдарламасы шеңберінде жобаларға, стратегиялық бастамаларға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілгенін және алда әлі атқаратын шаруалар да баршылық екенін атай келіп, бұл жобалардан бөлек, ұйымдастыру құрылымы, келісімшарт жұмысы, жеңілдетілген келісімшарттар, аймақтық филиалдар желісінің ашылуы, тағысын тағы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол жобалар демеушісі ретінде келесі жылдан бастап ынталандыру жүйесі енгізілетінін, осы жобаларға қатысушыларды материалдық ынталандыру қарастырылып отырғанын және жалақы өсімі болатынын айтты. Ал Ақпарат күнін қорытындылаған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Павел Соколов транзиттік тасымалды дамыту мәселесінде алдымен сервиске айрықша назар бөлу керектігін, әрбір жобада нақты бір мақсат-міндеттер тұрғанын, оған қол жеткізу жолы «KTZ Express» АҚ компаниясын сапалы болуға және жаңа жетістіктерге жетелейтінін атап өтті.