Қауіп-қатердің алдын алуда

«Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін жолаушы пойызындағы өрт қауіпсіздігі бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі болып отыр. Пәкістандағы пойыз апатынан кейін жолаушы құрамдарының қауіпсіздігі жаппай тексеріліп жатыр. Жуырда Маңғыстау-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында осы мәселеге орай шара өтті.

Маңғыстау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімі мен Мұнайлы аудандық төтенше жағдайлар қызметі мамандары бірлесіп өткізген шараға бүкіл пойыз бригадасы атсалысып, барлығы 30 жолсерік түгел қамтылды. Алдымен өрт қауіпсіздігі жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әсіресе пойыз мейрамханасына аса қатты көңіл бөлу ескертілді. Аспаздар мен даяшыларға тамақ дайындау, өрт құралдарын пайдалану кезінде қуатты көп қажет ететін құралдар мен газ балонмен іске қосылатын газ плиталарын қолданбау жөнінде лекция оқылды. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Азамат Құлманов бастапқы өрт сөндіру құралдарын қалай дұрыс іске қосу және қолдану керектігін іс жүзінде көрсетіп берді.

Жолсеріктерге түрлі ситуациялық сұрақтар қойылып, біліктіліктерін тексеру жұмысы да қоса-қабат жүргізілді. Мысалы, вагон ішінде кішкентай баланың әкесінің оттығымен ойнап отырып немесе тамбурда темекі тұқылынан өрт тұтанса, жолсеріктің ең бірінші әрекеті қандай болмақ деген сынды сұрақтарға жолсеріктер мүдірмей әрі дұрыс жауап беріп, өрт қауіпсіздігі нұқсаулығымен таныс екендерін білдірді. Алдағы уақытта жолаушы пойыздарында өрт қауіпсіздігін пысықтау шаралары айына бір рет өткізіліп тұруы келісілді.