Шағын бекетті басқару шебері

Теміржолда өмір бойы жолшы болған анасы арқылы осы кәсіпті таңдаған маңғыстаулық теміржолшы Жолдас Боранқұлов отыз жылға жуық шағын бекеттерді басқарып келеді.

Ол үшін шағын бекеттер жұмысын ұйымдастыру үлкен станцияларға қарағанда жеңілдеу де шығар, бірақ жауапкершілігі бірдей. №1112-13 бекеттер бастығы болып ондаған жылдар еңбек еткен кәсіби теміржолшы, міне, зейнет жасына да таяп қалыпты. 38 жыл ғұмырын осы салаға арнап, өмірін Шетпе мен соның маңайындағы шағын бекеттерде пойыздар қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы өткізіп келе жатқан кейіпкеріміз – қозғалысты ұйымдастыру шаруашылығының нағыз маманы, шағын бекеттерді басқару шебері десек, артық айтпаймыз.

Сағызда туып-өскен ол 25 жасында теміржол техникумын тәмамдап, еңбек жолын Шетпе станциясында кезекші болып бастаған екен. 11 жылдан кейін осы станция бастығы, одан әрі ревизор қызметтерін атқарған. Ал бүгінде қарама-қарсы ағылған пойыздардың қауіпсіздігі қадағаланып, қарсы келген пойыздардың бір-біріне жол беру нүктесі болып отырған №11-12-13 бекеттерді басқарады.

– Осы үш бекет бойынша 14 адам еңбек етеміз. Көбісі Шетпеден қатынап жұмыс істейді. Күніне осы жолмен 20 шақты жүк және жолаушылар пойыздары қатынап тұр. Әр бекетте 3-4 отбасыдан бар. Олардың бәрі де осы бекеттер жұмысын атқаратын теміржолшылар. Маңғыстау – Бейнеу телімі аралығында жатқандықтан бізде талшықты-оптикалық телефон байланысы орнатылған. Ескі табло-пульт, рация, фонарь, жалауша сынды байланыс құралдары – күнделікті жұмыста пайдаланатын дүниелеріміз. Өмірімізді осы салаға арнағандықтан тілеуіміз осы теміржолдың үстінде. Бүгінде екі ұлым да осы салада, №13,14 бекеттерде кезекші болып жұмыс істейді, – дейді шағын бекеттерді басқару шебері.

Шағын болса да өз ЭЦ қосыны бар бекетте теміржолдың жол, вагон, электр саласының мамандары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.