Кірме жолдардағы кедергі не?

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Ақмола жүк тасымалы бөлімшесінде кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша селекторлық кеңес өтті. Оған станция бастықтары, жекеменшік кірмежол иелері мен оны пайдаланушылар қатысты.

Жиында Ақмола ЖТ бөлімшесінің бас инженері Сайран Баржақсин кірмежол иелері «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтамайтынын, жолдың жоғарғы құрылысындағы ақауларды жою жұмыстары жүргізілмейтінін, ал бұл өз кезегінде келеңсіз жайттарға әкеп соқтыратынын жеткізді.

Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында Ақмола бөлімшесінде кірме жолдарда жылжымалы құрамдардың жолдан шығып кетуіне қатысты 19 оқиға болды, әйтсе де бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 10 оқиғаға төмен. Вагондардың зақымдануына байланысты 24 оқиға тіркелсе, былтыр осы уақыттағы көрсеткіш 31 вагонды құрапты, сондай-ақ, маневрлік локомотивтердің жолдан тайып кетуі 4 рет болса, былтыр 3 оқиғаға артық болған.

Мамандар сөзіне сүйенсек, жылжымалы құрамдардың жолдан шығып кетуіне басты себеп, жол күтімі жасалмағандықтан, техникалық жағдайының нашарлауы болса, екіншіден, вагондарды орналастыру үшін қосымша құралдарды дұрыс қолданбау да кері әсерін тигізіп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Көлікті бақылау инспекциясының теміржол және су көлігіне бақылау бөлімінің бастығы Манарбек Ибраев, жылжымалы құрамдар мен контейнерлердің сақталымына және қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірерлік ақаулар кірме жолдардан табылған жағдайда, оларды пайдалануға тыйым салынатынын ескертті. Биыл шаруашылық субъектілеріне 26 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде нормативті құқықтық актілердің 279 бұзушылығы анықталған.

«Жылжымалы құрамдардың жолдан шығып кетуіне жол берілген оқиғаларға қатысты әкімшілік сипатта шаралар қабылданып жатыр», – деп атап өтті М.Ибраев.

Кездесудің қорытындысы бойынша тармақ иелері мен пайдаланушыларына жол профилі мен жоспарды қолдау үшін жол жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп отыруға ұсыным жасалды. Ал пойыз құрастырушылары мен машинистерге кірме жолдарға вагондарды беру және жинау барысында қырағы болуға, сондайақ, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақаулық анықталған жағдайда, олар туралы дер кезінде хабар беру міндеттелді.