Орталық Азия теміржол саммитіне қатысты

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бастаған делегация ағымдағы жылдың 24 қазанында Түркияның Анкара қаласында өткен Орталық Азия теміржол саммитіне қатысты.

Саммитте Қазақстан, Түркия, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан теміржол әкімшіліктерінің басшылары Қытайдан контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру, жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Орталық Азия елдерін байланыстыратын жаңа желілер әлеуетін тиімді пайдаланып, барынша жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Саммитке қатысушылар Қытайдан Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран арқылы Түркия бағытында контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру кезінде қолданылатын бірыңғай тарифтерді бекітті.

Сонымен қатар, басқосуда фитингтік платформаларды өзара пайдалану, жеткізу мерзімін қысқарту және тасымалдау тиімділігін арттыру мақсатында олардың айналымын жеделдету мәселелері қаралды.

Жаңа теміржол желілері өз жүктерін жеткізу үшін теміржол көлігін таңдаған клиенттерді қосымша мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді.