Тиімді тасымал транзиті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Бүкіл әлем контейнерлік жүк тасымалына көшкен кезеңде тиімді тасымал түрінен ҚТЖ да тыс қалмақ емес. Шымкент теміржол бөлімшесі бойынша биыл 9 айда 1637 контейнерлік транзит пойызы жүріп өткен.

Ал өткен жылмен салыстырғанда осы уақыт аралығында 2667 транзиттік пойыз жүріп өткен. Яғни осы жылы контейнерлік транзит 1030 пойызға азайған. Себебін айтар болсақ, транзит көлемінің азайып, контейнерлік пойыздар санының кеміп кетуімен емес, тек бағдардың өзгеруімен түсіндіруге болады дейді мамандар. Шымкент ЖТ бөлімшесі шұғыл басқару бөлімінің мамандары Қытайдан келетін транзиттік контейнерлердің бір бөлігі бүгінгі таңда ЖезқазғанБейнеу жаңа теміржолы арқылы қатынайтындығымен түсіндірді. Бұл дәліздің транзиттік контейнерлер қозғалысы үшін белгілі деңгейде тиімділігі болып отыр, сондықтан артық шығын мен уақыттан ұту үшін жүк жөнелтушілердің бірқатары Қазақстанды транзит ретінде пайдалана отырып, бағытын өзгерткен көрінеді.

Транзиттік вагондар туралы айтар болсақ, 9 айға 349339 вагон жоспарланған болса, іс жүзінде 305052 вагон тапсырылыпты. Шұғыл басқару бөлімінің басшысы Ермек Төлешов биыл вагондардың 44287-ге дейін азайғанын айтты. Мәселен, өткен жылы 9 айда бөлімше бойынша 425669 вагон тапсырылған екен. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 120647 вагонға аз деген сөз.

Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша контейнерлік тасымалдаулар көлемі 537 мың контейнерді құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 55% артқан. Сарапшылар алдағы онжылдықта Қазақстанның Еуразия орталығындағы транзиттік әлеуеті артып, хабқа айналатынын болжауда.