Жіті тексеруден өтті

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Күзгі тексеріс Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша аяқталып келеді. Оның барысында біраз кемшіліктер анықталуда. Атап айтқанда, станция басшылары қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бойынша өз міндеттерін жеткілікті деңгейде орындамайды, нормативтік-техникалық құжаттамалардың жүргізілуі дәрежесі де төмен.

Станция басшылары мен қызметкерлерінің білім деңгейінің төмендігі техникалық сабақтар сапасына салғырт қарайтындығын көрсетеді. Штаттық кестенің толық еместігіне байланысты шұғыл-өкім беру бөлімі мамандары үш ауысымда жұмыс жасайды. Яғни, пойыз диспетчерлері жетіспейді, 3 ауысымда жұмыс жасайтындықтан еңбек режимі бұзылады, ал ол өз кезегінде қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Жол шаруашылықтарын тексергенде ДУАМАТ №6075, ДГС №15005, ПБР №6077 жол жөндеу кешенді машиналары Бәйтерек станциясында жолда тұрып қалған. Техника мен вагондардың жолда ұзақ тұрып қалуынан тот басады да, ол жолдың бос не бос емес екенін анық көрсетпеуге әкеліп соғады. Ондай жағдайда ол жолдар орталықтандырылудан шығарылуы тиіс. Станцияларды қарау барысын да да біраз кемшіліктер анықталды. Д.Нұрпейісова разъезінде қызметкерлер ҚТЖ көлемінде болып жатқан бақытсыз оқиғалармен таныстырылмаған. Ганюшкино станциясында қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша нұсқаулықты жаңарту қажет. Жолтөбе разъезінде станция кезекшісі пойыздарды қабылдап-жөнелту, маневр, байланыс құрылғыларының жұмысы бойынша сұрақтарға төмен білім деңгейін көрсеткен. Исатай станция кезекшісі де білім төмендігін байқатқан. Бірқатар станцияларда аптечкадағы дәрі-дәрмектердің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Махамбет, Ақжайық станцияларында станция кезекшісінің өндірістік қауіпсіздік журналдарында ескертулер жазылмаған. Қарабатан станциясында басшылық тарапынан кездейсоқ тексерулер жүргізіле бермейді, кемшіліктерді анықтау төмен, формулярды жүргізу қадағаланбайды. Биыл бірінші қысын өткізушілермен техникалық сабақтар өткізілмеген. Доссор станциясында тауар кассирінің бөлмесіндегі күзет-өрт сигнализациясы жұмыс жасамайды, станция кезекшісінің бөлмесіне жөндеу қажет. Мақат станциясында кейбір бағыттамалы бұрмалар «ЦТС-Атырау» АҚ-на қарайды, бірақ олардың мамандары жоқ, сондықтан орталықтандырылған №№ 76, 86 бұрмаларын ШЧ қызметкерлері қарап жүр, сол себепті баланс ұстаушыны анықтау қажет. Станция жолдары маңында темір тұрбалар мен ескі шпалдар жатыр, олар түнгі уақытта вагон қараушылар мен пойыз құрастырушылардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, алып тастау қажеттігі айтылды. Вагон пайдалану деполары бойынша, қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың негізгі себептері – ол вагондарға техникалық қызмет көрсетудің сапасыздығы. Соның ішінде жиі қайталанатыны автотежегіш құрылғыларының істен шығуы, вагон қараушылар пойызда қараған кезде өз міндеттерін дұрыс атқармайды, вагондардың рычаг беруін реттемейді, ұстап тұратын планкаларды бекітпейді. Пойыздардың әрі қарай қауіпсіз жүріп кетуі үшін вагон қараушылар жеткілікті техникалық қызмет көрсетпейді. Құлсары вагон жөндеу бөлімінде КК-5 краны 1982 жылы шығарылған, әбден ескірген, басқару пульті сымдары, ілмектері мен доңғалағы желінген, ешқашан күрделі не ағымдағы жөндеу көрмеген. Атырау ПТО-да кран-балка 1989 жылы шыққан, тежегіш колодкалары желінген, бекіту құрылғылары жөндеуді қажет етеді, ол да ешқашан жөндеу көрмеген. Кішігірім жөндеулер өз қолдарымен жасалады, бірақ күрделі жөндеусіз ТОР жұмысы ақсап жатыр. Локомотив деполарында ай сайынғы маневрлік жұмыстарда отынэнергетикалық ресурсты жағу, яғни артық шығындау көп. Машинистер мен көмекшілері техникалық сабақтарға қатыса бермейді. Депо басшылығы тарапынан депо бойынша кезекшілерінің жұмысын бақылау төмен, нәтижесінде ондай кезекшілер қозғалыс қауіпсіздігі бойынша материалдарды нашар біледі. «Мақат сервис орталығында» күзгі тексеріс кезінде қысқы уақытқа 30 дана 2ТЭ10МК(ВК) сериялы модернизацияланған локомотивтерді және Мақат, Атырау, Маңғыстау деполарына бекітілген ТЭМ сериялы 14 дана тепловозды өткізу жоспарланған. Жанар-жағармай мен материалдар қажеттілігі 44 дана локомотивке есептелген. 2 қазан күні 18-дің орнына тек 14 тепловоз күзгі тексерістен өткен. Орталықтың қазіргі жағдайы нашар, локомотив жабдықтарының уақытылы келмеуінен және қосалқы бөлшектердің жоқтығынан жоспарлы жөндеуге қойылған МК/ВК и ТЭМ2 сериялы тепловоздары апталап жөндеуде тұрып қалады. Жалпы, күзгі тексеріс барысы осылай, қызу жұмыспен өткені анық. Комиссия мүшелері тексеру барысында көптеген кемшіліктер мен нормадан ауытқушылықтарды анықтады. Кемшіліктер сол жерде жиын барысында айтылып, түзетуге уақыт берілді.