Ақаутапқыш оператор

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Мықтыбек Тастанбеков теміржолдағы еңбек жолын 2003 жылы жол жөндеуші болып бастаған. 2004 жылы ақаутапқыш оператордың көмекшісі болып істей бастады. 2007 жылы Жамбыл оқу орталығында үш ай біліктілігін жетілдірді. Міне, содан бері Мықтыбектің ПЧ-53 Шымкент жол дистанциясында ақаутабу арбасының операторы болып жұмыс істеп келе жатқанына – 16 жыл.

Кейіпкеріміз ерінбей рельстерді тексеретін аппараттың қыр-сырын түсіндіруге кірісті. «Бұл аппарат ақаутапқыш арбасы, яғни жолдың рельсін тексереді, зақымданған, сынған, майысқан, басқадай бұзылған рельстер пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіні белгілі. Сондықтан, міне, осы аппарат көмегімен оны ылғи тексеріп, жай-күйін анықтап отырамыз. Біз, былайша айтқанда, теміржолдың ақауын емдейтін дәрігерлерміз. Осы ақаутапқыш көмегімен жолдың ақауын алдын ала тауып, дер кезінде ауыстырып, яғни апатты болдырмаймыз. Күніне 8 сағат жұмыс істеп, сол аралықта 7 км шақырымдай жолды тексеріп шығамыз. Біздің жұмысымызды ҚТЖ-дан тиісті департамент мамандары бақылап отырады. Қай жерде, қай сағатта, қай километрде жұмыс істедік, соның бәрі жазулы тұрады. Барлығын километрмен, пикетпен есептейді», – деп түсіндірді М.Зиябекұлы жалпақ тілмен.

Бұрынғыларға қарағанда жетілдірілген заманауи ақаутапқыш аппарат Ресей өнімі, Қазақстанға 2018 жылы сатып алынған. Оның тілін біліп, меңгеру үшін ақаутапқыш мамандар алдымен Алматыға барып оқыған. Ақауды анықтау үшін ультрадыбыс сигналды құлаққаппен тыңдайды. Содан соң компьютермен тексеріп көреді. Көзбен көріп, екінші рет тағы да ультрадыбыспен көреді. Онда 18 каналға қарап, сол қалай дыбыс береді, жақсылап тексеріп шығады.

Маманның айтуынша, бүгінде Шымкент жол дистанциясына қарасты жолдардың рельсі түгел жаңа емес. Жаңасы да, ескісі де, орташасы да аралас. Сондықтан осы ақаутапқыш көмегімен тек ескірген зақымданған рельстерді ғана ауыстырып отыр.

«Ақау күнде шыға бермейді, бірақ сынайын деп тұрған рельс болса, алдын ала хабарландыру беріп ескертіп отырамыз. Яғни, біз бірден сынған кезде емес, ақауды алдын ала табамыз. Себебі, жөндеуге үш күнге мерзім берілетін рельстер бар, үш сағатта ауыстыратын рельстер бар және жедел түрде ауыстыратын рельстер бар. Қысы-жазы ауа райына қарамаймыз. Ал егер апат болса, күндіз-түні жұмыс істейміз», – дейді М.Зиябекұлы.

Жол жөндеушінің жұмысы да, жауапкершілігі де ауыр. Ақаутапқыш маманның жұмысы онымен қоса аса жауапты. Мықтыбек Тастанбеков теміржолда қазіргі таңда ең кемі 20 жыл еңбек өтілі бар операторлар жұмыс істеп жатқанын, жастар келгенімен бір жарым жыл істеп көріп, бұл салада тұрақтамай қиналып кетіп қалатындығын қынжыла жеткізді.

«Теміржолды байқап қарасаңыздар, өңкей жасы 40-тан, 50-ден асқандар істеп жүр, жастар аз. Айлығы аздық етеді, жұмысы ауыр, жауапты, сондықтан кадр тұрақтамайды. Меніңше, жалақыны көтеріп, мамандарды жұмысына қарай бағалап отырса, әлеуметтік жағдайын жасауға, яғни баспана алуға мүмкіндік жасаса, жастар келер еді. Бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселе – теміржолға жастарды тарту, маман тәрбиелеу дер еді», – дейді ақаутапқыш оператор.