Шамалғанның шағын ұжымы

 Жақында жолым түсіп Шамалған станциясына бардым. Бір ай бұрын болған өткелдегі апат оқиғасы – автобустың жолаушы пойызымен соқтығысынан кейін бұрын Шамалған деген станция бар екенін білмейтіндер бүгінде оның аты аталса елең ете қалады. Бұл шағын станцияның шағын ұжымының жұмысына сын артқан оқиға болғаны анық.

Жұмыс істеу сипаты мен функциясы бойынша Шамалған аралық болып табылады, ал жүк операцияларының көлемі бойынша үшінші класқа жатады. Станцияның технологиялық процесі техникалық құралдар арасында жұмысты ұтымды бөлуді, пойыздық және жүк ақпаратын дәл беруді, вагондарды уақытылы ағыту және тіркеу, жинау мен жөнелтуді бұлжымас қағида санайды. Сондықтан оңтүстік астанаға кіретін қақпа сынды қала іргесіндегі шағын станцияның тірлігі тап-тұйнақтай, барлық көрсеткіштер орындалуда. Әрі-бері ағылған транзиттік пойыздарға қызмет көрсетумен қатар жергілікті жүк жылдан-жылға артып келеді. Айталық, жыл басынан бері 3060 вагон жүк түсіріліп, ол 211140 тоннаны құраған. Тек ағымдағы жылдың қыркүйек айында 138 вагон жүк тиеліп, 903 вагон жүк түсіріліпті, оның 667 вагоны – көмір.

Станцияның үздіксіз жұмыс ырғағы бірден сезіледі, тәулік бойы кірме жолдарда пойыздар мен жергілікті вагондарды құрастыру жүріп жатады. Пойыз құрастырушыны, станция кезекшісін, тауар кассирін, жүк қабылдап-тапсырушыны және аралас қызметтердің басқа да өкілдерін қоса алғанда, станцияда барлық теміржолшылар өздеріне жүктелген функцияларын мүлтіксіз атқарады.

Шамалған станциясының бастығы Әлібек Махамбеталиев қозғалыс саласының барлық қызмет сатысынан өткен. Соның арқасында ол жақсы басқарушы бола алды. Ол еңбек жолын Достық станциясында пойыз құрастырушы болып бастаған екен, айтуынша, Достық оған жақсы мектеп болған. Өйткені, Достық мектебі – өсу мен біліктілік мектебі. Бірнеше жыл бойы Әлібек Алматы-2 станциясының кезекшісі, пойыз диспетчері, бөлімше бойынша кезекші, Алматы ЖТ бөлімшесі техникалық бөлімінің бастығы болып жұмыс істеп, тәжірибсін шыңдады. Шамалған станциясының шағын ұжымын басқарып жатқанына көп уақыт өте қоймаса да ол осы Алматыдай мегаполистің қақпасы сынды бекетке бауыр басқанын мойындайды.

Бір-біріне деген қарым-қатынастары ерекше, кез келген уақытта көмекке ұмтылатын, «бірі – бәрі үшін, бәрі бірі үшін» деген ұстанымда жұмыла еңбек етуге дағдыланған жергілікті теміржолшыларға ол «тастай батып, судай сіңді».

– «Атың шықпаса жер өрте» демекші, жаманаты шыққанша шықпаған дұрыс болар. Шамалғанның аты өткенде өткелде болған апатқа байланысты аталмай, өзінің жетістіктерімен, даңқты еңбеккерлерімен, олардың ерлік істерімен байланысты аталғанын қалар едік. Шамалған оқиғасы бізге сын болды, сондықтан теміржолшылар атына кір келтірмес үшін жұмысымызды бұрынғыдан да шыңдай түстік. Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімізді жұмсаудамыз, – дейді Әлібек Сейдалханұлы.

Қанша жылдан бері Шамалған станциясының тұрақты клиенттері, негізгі жүк жөнелтушілері: «Баян Сұлу» ЖШС, «Әлем-Көмір» ЖШС, «Транссервис» ЖК, «Ардақ» ЖШС және «Алатау құс» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындармен қатар соңғы жылдары шағын және орта бизнеске оң көзқарас олардың қатарын көбейтіп, тасымалды да арттырған. Жұмыс барысында станция бастығы клиенттермен қарымқатынас жасау, әкімдік өкілдерімен, коммерциялық құрылымдармен ортақ тіл табысып, көлік полициясы қызметкерлерімен бірлескен рейдтер ұйымдастыру, тағысын тағы толып жатқан ұйымдастырушылық және өндірістік мәселелерді тиімді, шығынсыз шешуге тырысады. Оған шағын ұжымның әрбір мүшесі өз үлесін қосады. Олардың қатарында: станция бастығының орынбасары Дулат Келдібаев, станция кезекшісі Құралбай Сарқұлов, тауар кассирі Зара Хасенова, пойыз құрастырушы Асхат Солтанбеков, жүк қабылдаптапсырушы Зауре Сәрсенбаева сынды теміржолшылар есімі станция тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз.