Қарттарым, аман-сау жүрші

Маңғыстау темір жолының әкімшілігі мен кәсіби одағы Қарттар күніне орай қазыналы түбектің түкпір-түкпіріндегі ардагер теміржолшылардың басын қосып, қаладағы «Тайқазан» мейрамханасында дастархан жайды.

Мерекелік кеште көптен көріспеген қариялар бір-бірімен дидарласып, өткен күндерін сағынышпен еске алысты. Кешегі аға буын, бүгінгі дана буын ардагерлер «Бақыр қазан қайнаса, бәріміздің бағымыз» дегендей, өздері маңдай терін сарқыған теміржолдың бүгіні мен ертеңі үшін жандары ауыратындарын білдірді. Жиылғандарды Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директоры Нәжимеден Ғұбашов, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі директоры Мұхтар Бақтыгереев, Орталық кеңес теміржолшылар кәсіподағының Маңғыстаудағы өкілі, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподағының төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов, тағы басқалар құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Мерекелік кеш төрінде тек Маңғыстау емес, Шетпе, Болашақ, Өзен, Жетібай сынды стан цияларда тұратын ардагер қарттар да отырды. Жүзден аса қарт теміржолшы арнайы шақырту алған. «Өткенге назар аударсақ, осы ардагерлеріміздің арқасында теміржолымыз талай қиын-қыстаудан өтіп, бүгінгі нәтижесіне дейін жетті. Сондықтан олардың ақыл-кеңес айтып, ортамызда ұзақ жүргенін қалаймыз», – дейді кәсіподақ жетекшісі Әзірбай Тұрмағанбетов.