Жарайсың, Жалғас!

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қыркүйек айының соңында елордада «ҚТЖ марафон – өзгерістерге бастар жақсылық. Бірінші болып қатыс!» атты теміржолшылар арасында алғашқы марафон жарысы өткені белгілі. Атырау жол дистан-циясының жолшысы Жалғас осы марафонда қатарластарынан қара үзіп, жеңіске жетті.

Марафонға теміржолшылар арасынан барлығы 350 шақты адам қатысып, жас шамасына қарай бөлініп, 2,5,10,21, шақырымға жүгіру ұйымдастырылған. Осы марафонда 5 шақырымдық жарысқа 30-39 жас аралығында қатысқан Атырау жол дистанциясының жол монтері, 31 жастағы Жалғас Мугамиллин мәре сызығын бірінші болып кесті. Исатай ауданының Нарын станциясында туған, 2005 жылдан бері теміржолда жол монтері болып жұмыс істеп келе жатқан жігіт осылай жерлестерінің сенімін ақтай білді.

Осы жарыста атыраулық тағы бір маман, Атырау вагон пайдалану депосының вагон паркінің операторы Гаухар Толыбаева ең ұзақ 21 километрге жүгіріп, жүлделі 2-ші орынды иеленді. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Атыраулық әріптестері жеңімпаз жерлестерін пойыздан гүлмен қарсы алып, жеңістерімен құттықтады. «Жалпы, марафонға өңірден бес адам жіберген болатынбыз, соның екеуі осындай жеңіспен оралып қуантуда. Біз үшін бұл үлкен жетістік деп білеміз, олармен мақтанамыз» дейді Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің спорт секторы жетекшісі Ринат Иманғазиев.

Айтпақшы, Жалғас – жолшылар әулетінің жалғасы. Әкесі Сабырғали да осы мекемеде ұзақ жыл жолшы болып еңбек еткен екен, қазір зейнеткерлікте. Жалғас мектеп кезіненақ спортты серік қылып, жүгірумен айналысып келеді. Нәтижесі – міне!