Контейнерлік пойыздар: тәуліктік жылдамдық артқан

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінен жыл басынан бергі тоғыз айда 747 контейнерлік пойыз өткізіліпті. Бүгінгі таңда контейнерлік пойыздардың басым бағыты Алтынкөл станциясынан жасақталып, алыс-жақын шет елдерге жөнелтілуде.

Пойыздардың қозғалысы жайлы мәлімет ұсынған бөлімшенің шұғыл басқару бөлімінің бастығы Кенжебек Өтегенов жылжымалы құрамдарды бөлімше территориясынан кідіріссіз өткізу үшін барлық мүмкіндік жасалып отырғанын алға тартты. Бөлімшедегі барлық қозғалысты реттейтін жауапты маманның мәліметіне сүйенсек, тек қыркүйек айында бөлімшеден жұп және тақ бағытта 94 контейнерлік пойыз өткізіліп, пойыздардың 1109,44 км/сағатқа жоспарланған орташа тәуліктік жылдамдығы 1156,06 км/сағатқа жеткізілген. Нәтижесінде меже 104,20 пайызға асыра орындалған. Ал өткен жылдың қыркүйек айында 76 пойыз, ал жылдың тоғыз айында 1566 контейнерлік құрамды өткізген қызылордалықтар өткен жылмен салыстырғанда құрамдардың азаюын пойыздардың өзге бағытқа ауыстырылуымен, есесіне орташа маршруттық жылдамдықтың артуымен түсіндіруде.

– Қызылорда ЖТ бөлімшесінен өткен жылдың тоғыз айында 1566 контейнерлік пойыздар өткізілсе, биылғы тоғыз айда 747 өткен. Олардың тоғыз айға бекітілген 1109,44 км/сағатқа межеленген орташа тәуліктік жылдамдығы 1156,06 км/сағатқа жеткізіліп, жоспар 104,20 пайызға артығымен орындалып отыр. Пойыздардың орташа тәуліктік маршрутының 1077 км/сағатқа белгіленген көрсеткіші маусым айынан бастап 1150 км/сағатқа өзгертілген болатын. Біздер пойыздарды телімдерден кідіріссіз өткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қолданып, басқа маршруттарға ауысып бірнеше пойызды жоғалтқанмен, орташа тәуліктік жылдамдықтың өсуіне қол жеткіздік. Бөлімше теміржолшыларының еңбегінің нәтижесінде биылғы жылдың әр айына белгіленген контейнерлік пойыздардың орташа тәуліктік жылдамдық жоспарының көрсеткіштері 100,08 -111,30 пайызға орындалуда, – деді бөлімшенің шұғыл басқару бөлімінің бастығы Кенжебек Өтегенов.

Достық станциясынан шет елдерге бағытталатын контейнерлік пойыздардың өзге бөлімшелермен өткізілуге бағытталуы аймақ телімдерінен жүргізілетін құрамдардың сиреуіне себеп болған. Қазіргі уақытта Қызылорда ЖТ бөлімшесінен Алтынкөл станциясында жасақталған контейнерлік құрамдар өткізіліп, олардың тәуліктік жүріс жылдамдығы еселеніп көбеюде екен. Бөлімше аумағынан белгіленген кесте бойынша өткізіліп, бекітілген станцияларда ғана аялдайтын контейнерлік пойыздар бөлімше аумағынан ТүркістанСексеуіл, Сексеуіл-Түркістан, Сексеуіл-Қоскөл және Қоскөл-Сексеуіл учаскелерінен жұп және тақ бағытта жүргізілуде.