Байқау жүріп жатыр

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің Компания шаруашылығын қысқы маусымда жұмыс істеуге дайындау бойынша арнайы бұйрығына сәйкес, бүгінгі таңда күзгі комиссиялық байқау қызу жүріп жатыр.

10 қыркүйекте басталған күзгі комиссиялық байқау 31 қазанға дейін жалғаспақ. Екі айға жуық уақытты қамтитын байқау барысында теміржолшы мамандар жол, электрмен жабдықтау, белгі-беру-байланыс, вагон, локомотив, вокзал шаруашылықтарының қыс маусымына дайындығын тексеріп, кемшіліктерді анықтайтын болады.

Ең бастысы, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар қондырғылардың, өртке қарсы құрылғылардың, тағысын тағы аспаптардың істен шықпай, қалтқысыз қызмет етіп тұрғаны назарға алынбақ. Барлық анықталған кемшіліктерді жою бойынша шараларды қабылдау, байқаудың жүргізілу сапасы бойынша жауапкершілік комиссия төрағасына жүктеледі. Ал пайдалану және өндірістік жұмыстар, еңбек қорғау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ аймақтарына басқарушы директорлардың, атап айтқанда: Семей, Алматы, Шығыс Қазақстан бөлімшелері бойынша Марат Шакеновтың, Қостанай, Павлодар, Жамбыл бөлімшелері бойынша Батыр Котыревтің, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда бөлімшелері бойынша Қайрат Сәуірбаев, ал Орал, Маңғыстау, Илецк бөлімшелері бойынша Төлеубай Кенжебеков жауапты болып тағайындалған.