Жосалыда қалыптасқан дағды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Жосалы станциясының бастығы Бауыржан Сағатұлы аптаның жұмыс күнін барлық жауапты мамандардың басын қосқан жиыннан бастайды.Онда ағымдағы өндірістік мәселелерді шешу жолдарын жүйелеп, жауаптылар белгіленіп, кедергілер болса бірге ақылдасып шешу жолдарын қолға алады.

Әрине мекеме басшылары мен жауапты тұлғалардың бір стол басында кеңесіп-келісу дәстүрі барлық станцияда қалыптасқан, оған қоса «Станция күні» бар. Дегенмен, осы бір қалыптасқан дағды жосалылықтар жұмысына реттілік пен жинақылық қалыптастырғаны анық. Себебі, келесі аптада кешегі апта тапсырмалары ортаға салынатынын білетін әр маман өз міндетін жауапкершілікпен атқаруға тырысады.

Сонымен қатар, аптасына кемінде бір рет бекеттегі барлық теміржол мекемелерінің басшыларымен бірге станциялық жолдарды аралап шығу да оң нәтижесін беруде.

Жосалылық теміржолшылар тарапынан ағымдағы жыл басынан бергі сегіз ай мен өткен жылдың сәйкес уақытында да пойыздық және маневрлік жұмыстар кезінде, станцияның кірме жолдарында және маневрлік жұмыстарды атқару барысында пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылу жағдайы тіркелмеген.

Станция бастығы жоғары басшылық тапсырған жүктемелердің орындалуы мен қосымша атқарған жұмыстарын баяндап берді. Мәліметтерін тарқатып айтар болсақ, жосалылық теміржолшылар сегіз айда 46 вагонға 3181 тонна жүк тиеп, жоспар үдесінен шыққан. 425 вагоннан жүк түсіру жоспарын 448 вагонға жеткізіп, мұнда да жүктемені 105,4 пайызға асыра орындапты. Сөз болып отырған мерзімде теміржолшылардың статикалық межесі 69,2 тоннаға белгіленсе, бұл көрсеткішті олар 69,2 пайызға жеткізіп, жоспарды 100,0 пайызға орындай білген.

Сегіз айда 16 пойыздан 144 вагонды ағытқан теміржолшылар 18 пойызға 569 жүк вагон тіркеген және де станциялық жолдардағы өндірістік жұмысқа байланысты келіп тоқтаған құрамалардан 668 вагон ағытылып, жөнелтілетін пойыздарға 308 вагон тіркелген екен. Әрине бұл – шағын станция санатындағы жосалылықтар үшін үлкен жұмысты аңғартатын шама.

– Ұжым теміржолшылары жыл басынан бергі сегіз айда бір операциялық жұмыс кезіндегі 4,0 сағатқа межеленген вагонның бос тұру уақытын 2,61 сағатқа азайтып, жоспарды 153,2 пайызға орындады. Ал құжаттары рәсімделмей вагонның бос тұруына белгіленген 0,60 сағаттық жоспар 0,59 сағатпен жабылып, көрсеткіш 101,6 пайызға атқарылды. Жүк вагондарының құжаттарын рәсімдеу кезіндегі бос тұру жоспарына белгіленген 4,0 сағаттық көрсеткіш 0,79 сағатта жабылып, жоспардың орындалуы 506,3 пайызға асыра орындалды.

Жалпы станциядағы өндірістік көрсеткіштердің орындалуымен қатар станциялықтар жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына аса мүдделі, – дейді Жосалы станциясының бастығы Бауыржан Баянов. Жалпы станциядағы жүк тиеутүсіру жұмыстарында басшылық тарапынан қатаң қадағалау жүргізіліп, теміржолшылардың еңбек және техникалық қауіпсіздік шараларының мүлтіксіз сақталуына жіті назар аударылатынына Жосалыда өндірісте төтенше оқиға, бақытсыз жағдай деген орын алмағанына талай жыл болғанынан-ақ аңғаруға болады. Сонымен үлгі тұтар дәстүрі, күнделікті атқарар жүктемесі бар жосалылық теміржолшылардың өз ұжымында да өндірістік жұмыстың нәтижесін арттыру, еңбек өнімділігін шыңдау, қауіпсіздік шараларын сақтауды күшейту мақсатында да тексеру жұмыстары жолға қойылған. Кезектен тыс бақылау, түнгі тексеру секілді шараның бәрі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру, жұмыс кезінде станция теміржолшыларының қауіп-қатерден аман болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

– Біздің ұжым теміржолшыларының түгелі дерлік тәжірибелі жандардан құралған. Дегенмен өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын, талай жыл осы бекеттің жұмысын өркендетуге тер төгіп келе жатқан таңдаулы да тәжірибелі теміржолшылардың арасынан пойыз құрастырушы Жаңаберген Сейілов, парк кезекшісі Ерлік Бермішев, техконтор операторы Бағдагүл Исмағұлованың үлесін ерекше атап өтер едім, – деді әріптестері жайлы жылы лебізін біілдірген Жосалы станциясының бастығы Бауыржан Сағатұлы.