Қорғасын станциясы – қауіптілігі жоғары бекет

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент қаласының іргесіндегі Қорғасын станциясы – қауіптілігі жоғары бекет. Жыл басынан бергі сегіз айда Қорғасын станциясы аумағында бөгде адамдарды пойыз басып кеткен 3 оқиға орын алған. Оның бірі – кәмелет жасына толмаған бала...

Жалпы, сөз болып отырған уақыт ішінде локомотив машинистері теміржол бойында бөгде адамдарды қағып кетудің салдарынан 11 рет шұғыл тежеу жасаған. Осыған орай, Қорғасын станция бастығы С.Сайрамбаев бастаған теміржолшылар, әскерилендірілген күзет пен Шымкент станциясы желілік полиция қызметінің өкілдері бар топ оқу жылының басталуына орай білім ошақтарын аралап, балаларға теміржолдың қауіп-қатерін түсіндіруге кірісті. Апта басында А.Чехов атындағы №21 мектепте болған олар білім ошағының директоры А.Оразовтың рұқсатымен сыныптарды аралап, «Темір жол – қауіпті аймақ»тақырыбында қауіпсіздік сабағын өткізді.

Қорғасын станция бастығы Серғазы Сайрамбаев балалардың темір жолдан өткен кезде қауіпсіздікті сақтауы, ал ата-аналардың балаларын қадағалап, қараусыз қалдырмауы қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысты. «Естеріңде болсын, балалар, сенің қауіпсіздігің – сенің өз қолыңда. Теміржолдың маңында өте сақтанып жүрсең сен де аман боласың, ата-анаң да сені уайымдамайды, алаңдамайды. Сондықтан теміржолдан өткенде барлық ережелерді сақтап, вагондардың астынан өтпей, үстіне шықпай, жолаушылар пойызына және басқа да пойыздарға тас лақтырмай жүру керекпіз», – деп балалар санасына жеткізуге тырысты станция басшысы.

Темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-тармағымен жасөспірімдердің ата-аналарына ескерту жасалып, тіпті айыппұл салынатыны да құлаққағыс етілді. Бұдан басқа, темір жол аймағындағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты түрлі мысалдар келтірілді.

Оқушылардың арнайы өткелден өтуі мен теміржол аймағында жасөспірімдер арасында орын алатын түрлі құқық бұзушылықтар тек теміржолшылар ғана емес, атааналардың да қадағалауы міндеттелді. Ал теміржол бөлшектеріне және вагондардан жүк ұрлықтарын жасамау, оның салдары жөнінде жергілікті тұрғындарға ескерту жасалды. Бұдан бөлек, теміржол бойына ірі қара малдың шығып кетпеуі жөнінде де сол маңда тұратын халық құлақтандырылды.