Шымкенттің жол шебері Еділ Тағаев

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жол дистанциясының жол шебері Еділ Тағаев ең жауапты да күрделі үшінші телімді басқарады. 1985 жылдан бастап жол шебері болып еңбек ететін тәжірибелі маман Шымкент станциясының аумағындағы жол күтіміне жауапты.

Шымкент станциясы басындағы 12 жол үнемі қолданыста. Ары-бері ағылып жатқан пойыздар мен вагондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жолшылардың жұмысы да шаш-етектен. Басты жол болып саналатын бірінші және екінші, үшінші жолдардан жолаушылар мен жүк пойыздары өтсе, одан кейінгі жолдарда вагондарды қабылдап-жөнелту жұмыстары жүзеге асырылып, сұрыптауға жіберіледі. Айтқанымыздай, станцияда 12 жол, 50 бағыттамалық бұрма бар. Жолшылар осы инфрақұрылымның күтімін жасап, қысы-жазы жол бойында жүреді. Жолдың ақауын тексеріп, күтіп-баптап, арнайы шаблонмен белгіленген нормадан асып кеткен жолдар болса қалпына келтіреді. Кейбір жолдарда шаблон нормасы әртүрлі болады екен. Айталық, 20, 24, 28. Мәселен, бұрма бағыттамаларда 24 болу керек, солардан асып кетсе, жолшылар тез қалпына келтіреді. Одан басқа жолшылар қысы-жазы темір жолды қоқыстардан тазартып, жазда шөптен, қыста қардан көктемде су тасқынынан, одан қалды мал мен жаннан қорғау да жолшылар міндетіне кіреді. Жол шебері Еділ Толымбекұлы таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмей далада жүретін жолшылардың ары кетсе қолдарына 80-90 мың жалақы алатынын айтып қынжылды. «Қарамағымда 15 жолшы бар.Теміржол саласында ең төмен жалақы алатын осы жолшылар. Бұл туралы талай көтеріліп, талай жерде айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ», – дейді. Расында, шілденің ми қайтанар 45-50 градус ыстығында күннің астында жұмыс істеу тек оңтүстікте туып-өскен жаны сірден берік осындай жандардың ғана қолынан келетін ерлік болса керек. Соған қарағанда оларда кәсібіне деген адалдық күнкөрістен де жоғары тұратын асыл қасиет сияқты... Еділ Толымбекұлының неліктен теміржолшы болғанын сұрадық. Ол ауылда тұрып совхозда жұмыс істегісі келмегенін, бұдан гөрі теміржол саласын дұрыс деп тапқанын айтты. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін теміржолшының оқуына түсіп, болат жолға біржола табан тірегеніне де биыл 42 жыл болыпты. «Зейнетке шығуыма 5 жыл қалды. Осы уақытта атымызға кір келтірмей, апаттың алдын алып, қауіпсіздікті сақтауға үлесімізді қосып аман-есен еңбек етсек, абырой сол болмақ», – дейді жол шебері.