Ағымдағы күтім жасауда

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Жылдың қай мезгілі болмасын қызылордалық жолшыларды теміржолдың бойында жұмыс жасап жүрген жерінен жолықтыруға болады. Жолшылар бірде рельс тізбектерін ауыстырып жатса, енді бірде ақаутапқыш анықтаған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Қысқасы, қашан көрсеңіз жолдың бабын жасап жүреді.

Бүгін де, міне, технологиялық процестердің талапқа сай болуы үшін ағымдық күтім жұмыстарын жасап жатқан бір топ жолшыларға жолықтық. Олар Қызылорда жол дистанциясының 1-жол колоннасының жұмысшылары Қанағат Заир, Мәди Оңалов, Асанхан Спанов, Рахымжан Әлімбаев және Әкежан Тастанов екен. Әрқайсысының 15-20 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі жолшылар. Олар станциялық жолдардың бойындағы бағыттамалық бұрмалардың крестовинасын тазартып сырлау, тартым білек темірінің тетіктерін жаңарту, бояу жұмыстарын атқаруда екен. Және дистанция басшылығының жолдарды бақылап тексеру барысында анықтаған кемшіліктерін жою мақсатында жұмыс жасауда. Жол жөндеушілер Мәди Оңалов пен Қанағат Заир бекет жолының солтүстік алқымындағы №64 бағыттамалық бұрманың маңын ретке келтіріп жатса, Рахымжан Әлімбаев, Әкежан Тастанов және Асанхан Спанов №54 бағыттамалық бұрманың крестовинасы қанатының, ұшының белгіленген орындарын ақ, сары және қызыл түсті бояумен сырлау жұмыстарын атқаруда.

– Дистанция басшыларының жолдарды аралап тексеру барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтіріп, жолдың технологиялық процесс талабына сай бабында болуын қамтамасыз ету өз алдына, алдағы күзгі комиссиялық тексеру науқанына жолдарды дайындау және жолдарға ағымдық күтімде ұстау жұмыстарын атқарудамыз. Мына 64-бағыттамалық бұрманың 1-тартым білек темірінің оқшаулағышын ауыстыру жұмысы біздерге тапсырылды. Оқшаулағышты талапқа сай ауыстырып, бекіту жұмыстарын жасаудамыз. Айналып келгенде, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, яғни пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруға негізделген жұмыстар, – дейді Қызылорда жол дистанциясында 15 жылға жуық жол жөндеуші болып жұмыс жасап жүрген Қанағат Заир.