Алматы-2 станциясының бастығы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды

Темір жол көлігі жүйесінде жұмыс істеген жылдары Бақытжан Садықов өзін сауатты маман ретінде көрсете білгені болар, оның Алматы-2 станциясының бастығы болып тағайындалуы және бір мезгілде «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталуы ешкімді таң қалдырған жоқ.

Алматы-2 станциясының бастығы лауазымына Бақытжан Асылбайұлы жақында ғана тағайындалды. Бұған дейін түрлі қызметтерде, көп жылдар бойы Алматы-1 станциясының бас инженері болып жұмыс істеді. Бас инженер қай кезде болмасын «өндіріс құлы» болып саналады, оған тасымалдау процесін жетілдіру, техникалық құралдарды тиімді пайдалану, еңбекті қорғау, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты функциялар жүктелген. Ал Алматы-1 станциясының жұмыс ауқымы айтарлықтай көлемді де күрделі екені белгілі.

Жалпы, Бақытжан Садықов еңбек жолын Арыс станциясында пойыз құрастырушы болып бастаған. Оған бұл қарапайым, бірақ жауапты мамандық өте ұнады, ол өзін құрамдарға «жолдама» беретін командирдей сезінетін, өз міндеттерін нақты және адал орындады. Оның еңбек жолы әрі қарай станция кезекшісі, пойыз диспетчері, Арыс станциясының бас инженері болып жалғасып, Достық станциясы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болып та жұмыс істеді. 2000 жылдың мамыр айында оны Алматы-1 станциясының бас инженері етіп тағайындады, онда ол 18 жыл үздіксіз еңбек етті. Бақытжан Асылбайұлы станцияның күнделікті жұмысын жаттап алды десек болғандай, сөйлесу регламенті, селекторлы байланыс бойынша дауыстар... оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналғандай еді. Теміржолшы мамандығын таңдағанда Бақытжан өз-өзіне қиындықтан қашпауға, оларды жеңе білуге уәде берген болатын. Шын мәнінде, станцияда жұмыс істеген жылдары пойыздардың шексіз ағынына, селекторлық байланыс сигналдарына үйренгені сонша, онсыз өмірін елестете алмайтын. Тұтас жұмыс істейтін үздіксіз және бірыңғай механизм әлеміне еніп, өзін бірі істен шықса, нәтижесінде барлық тізбек тоқтайтын саланың бір бөлшегі сезінетін.

Алматы-2 станциясы жұмысына да тез төселді. Апта сайын Бақытжан Асылбайұлы барлық жұмыс орындарында пойыздарды қабылдау, өткізу және жөнелту, станция ауданындағы нақты жұмыс жағдайларын ескере отырып маневрлер жасау ережелері бойынша нұсқаулық өткізеді. Аралас құрылымдармен байланысты барлық мәселелерге конструктивті түрде, оңтайлы және дұрыс шешімдер таба отырып, жедел шешеді. Оның ойынша, жұмыстың тиімділігі қол астындағылардан, ең алдымен өзіне деген құрметті талап ететін басшының ұстанымына байланысты. Ол өзіне сеніп тапсырылған ұжым қызметінің нәтижелеріне ғана жауапты емес, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да жауапты сезінеді.

2016 жылы «Адал еңбегі үшін» белгісімен марапатталған Бақытжан Асылбайұлы, міне, төсіне «Құрметті теміржолшы» белгісін тағып, өзінің теміржолшы деген қастерлі мамандыққа лайық екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдей білді.