Интеграциялық өзара іс-қимылға көшті

Теміржол көлігімен тасымал қызметін жүзеге асыратын ұлттық оператор «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жылжымалы құрамның жұмысын тиімді жоспарлауды қамтамасыз ету және бос астық тасымалдаушы вагондар паркінің бос тұрып қалу уақытын азайтуды мақсат етіп отыр.

Осы мақсатта «ҚТЖ»ҰК» АҚ ақпараттық жүйесін ҚТЖ-ның астық тасымалдау туралы деректермен алмасу бойынша астық қолхаттарының ақпараттық жүйесімен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің астық қолхаттары иелерінің астық тасымалдаушы вагондарды беруге өтінімдері бойынша ықпалдастыруы іске асырылды. Жүйенің әкімшісі ҚР Қаржы министрлігінің бөлімшесі болып табылатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ.

Бұл интеграциялық өзара іс-қимылдың басты мақсаттары болып бірінші кезекте, елдегі және экспортқа шығарылатын астық балансын одан әрмен қарай жасап отыру үшін, астық қозғалысы туралы жедел ақпаратпен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін қамтамасыз ету арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау болса, екіншісі, тікелей астық иелері үшін темір жол көлігі қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және бос астық тасымалдаушы вагондар паркінің бос тұрып қалу уақытын төмендету жолымен елдің көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екен.

Бұл өз кезегінде, астық қолхаттарымен расталған, астықтың нақты көлеміне қарай жылжымалы құрамның жұмысын тиімді жоспарлауға, сонымен қатар, астық тасушы вагондарға дүрлікпе сұранысты азайтуға, сондай-ақ, астық таситын вагондар мен астыққа қатысты делдалдық операцияларды қысқартуға ықпал етпек. Интеграциялық өзара ісқимыл процесінде берілетін мәліметтер құпия болып табылып, бөгде тұлғаларға, оның ішінде, ашық ресурстарда жариялануға жатпайды. Сонымен қатар, тараптар осы мәліметтерді қолдау үшін біріктірілген (жалпыланған) тәртіппен пайдалана алады.