Арыста тозған рельстер ауыстырылды

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі ірі торапты станцияның бірі Арысқа келіп кететін пойыздар ағыны бір сәт толастаған емес. Сондықтан теміржол көліктерінің қалтқысыз қызметін және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде жолшылардың рөлі орасан зор. Олай дейтініміз, болат жол бабында болғанда ғана қозғалыс қауіпсіздігі сақталмақ.

Осы ретте, Арыс жол дистанциясы еңбеккерлерінің өткен жеті айда атқарған жұмысына жіті көңіл бөлсек. Сонымен, дистанция басшылығы алға тартқан дерекке сүйенсек, жыл басынан бері жолға жүргізілген жөндеу жұмыстары жоспар үдесінен шығып, 100 пайызға орындалған. Жолдың техникалық жағдайын бағамдайтын баллдық көрсеткіш 65 бірлікті құрап, бұл бағыттағы меже де ойдағыдай орындалған. Десе де, дистанция ма мандары 23 шақырымдай жолдың жағдайы көңіл көншітпей отырғанын айтады. Қазір осы олқылықтардың орнын толтыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, жыл басынан бері жеті ай ішінде жол шаруашылығына қатысты түйіспе жолдардың 5,1 шақырымдай жолындағы жарамсыз рельстер жаңасымен ауыстырылған. Арыс ПЧ54 бастығы Махмуд Рысбеков бүгінгі күндегі басты проблема, ол қараусыз жайылып жүрген малдың жолға шығып кетіп, пойыз қозғалысына кедергі келтіруі екенін атап өтті. Осыған байланысты жол бойына жыл сайын жаңадан қоршаулар орнатылып, ескілері жөнделіп отырады екен. Биыл да теміржолға қараусыз жайылып жүрген малдың шығып кетіп, жол апатына әкелмеуі үшін 2,3 шақырымдай жол бойына қоршау орнатылған. Ал жолдарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 1,03 шақырымдай жерге ұзын ағаш бұрмалары төселсе, 3 дана Р50 бағыттама бұрмалары Р65 типіне алмастырылған. Сонымен қатар, 1,1 шақырымдай желінген рельстер де алмастырылған. Сондай-ақ, жолдың үстіңгі қабатындағы айқастырма және өзге де жиынтықтар жаңа түрлерімен алмастырылып, дистанцияға қарасты жолдар бір тыңайып қалыпты.