Ақаудың тоқсан тоғыз түрі бар

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Бурабай курорты станциясынан бастап Ерейментауға дейінгі темір жолдың жарамдылығы Ірілендірілген Астана жол дистанциясының ақаутабу цехының жұмысына да байланысты екені талас тудырмайды.

Кәнігі теміржолшы, өмір бойы ақау табу саласында еңбек етіп келе жатқан шебер Олег Соловьев басқаратын аталған цехта бүгінгі таңда барлығы 44 адам еңбек етеді. Рельстердің ақауын табуға маманданған цехтың ақаутабу операторлары 23 ақаутапқыш арбасымен станция мен перегондар арасындағы жолдардың рельсін күн сайын бақылауда ұстап отыр. Бұл арбалардың тоғызы – регистраторы бар заманауи өнім. Мұны өздері компьютерлік ақаутапқыш деп атайды. Онлайн режимде жұмыс істейтін бұл жаңа дәуір арбалары ақауды анықтап қана қоймай, оны жазып алады, сөйтіп одан әрі мәліметтерді компьютерге береді. Оны арнайы маман – таспаны айырып оқушы оператор зерттеп талдау жүргізеді. Олегтің айтуынша, рельс ақауларының 99 түрі болады. Сонымен қатар олар ақаулы рельстер және өткір ақаулы рельстер деп екіге бөлінеді. Өткір ақаулы түрлері бірден ауыстырылуға тіркеледі.

– Перегондарға арнайы көлікпен барамыз, дистанциядан сол үшін еріп баратын бір адам бөлінеді, белгі беруші де бірге жүреді. Басқа станцияларда цех бөлімдері бар. Оларды аға ақаутапқыштар, былайша айтқанда бригадирлер басқарады. Жылына бір рет жоспар бойынша қанша тексеру жүргізілетіні бойынша паспорт жасалады. Жылдық паспорт бойынша ай сайынғы кесте жасаймыз. Орташа есеппен күніне бір арбамен 100 км рельс қаралады, – дейді цех шебері.

Мамандардың айтуынша, рельстің жағдайы тоннаждығына байланысты, яғни қанша тонна жүктің жүріп өткеніне қарай болады. Жеті жылдан бері осы цехты басқаратын Олег жаңадан келген мамандар алдымен Павлодар мен Қарағандыға 2 айлық оқуға жіберілетінін айтады. Куәлік алғаннан кейін де олар 5 жылсыз нағыз ақаутабушы маман атана алмайды. Осы мерзім ішінде тұрақты жұмыс істегесін барып, рельс құрамы, оның ақаулары туралы толықтай меңгеріп шығатын болады. Бүгінде бұл цехта операторлардың ең үлкенінің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ең жасының келгеніне небары 2 ай болған.

Цех мамандары биыл жыл басынан бері барлығы 145 ақаулы рельсті тауыпты. Бұл өткен жылға қарағанда 45 пайызға өскен. Жалпы дистанцияға қарасты телім бойында сонау 1968 жылы, берісі 1970-80 жылдары салынған рельстер де бар екен. Әрине, соңғы онжылдықта жаңартылғандары да жетерлік. Осындай рельстерді тексеретін ақаутабу құралдары мен арбалар негізінен Молдавия, СанктПетербург, Мәскеудегі кәсіпорындар өндірісінен шыққан. Мамандар ай сайын жоспарлы кестеге сай техникалық сабақтарда білімдерін жетілдіріп отырады. Бірақ Олегтің мәлімдеуінше, ақаутабу операторларын оқыту деңгейі төмендеу. Сол жағына дұрыс көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.