Жолшылар еңбегі қорғалған

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Жыл он екі ай ашық аспан астында, телім бойында жұмыс жасайтын жолшылар еңбегі қорғауға лайық. Қызылорда жол дистанциясының техникалық және еңбек қауіпсіздігі инженері Майра Бадрақова ұжымдағы қауіпсіздік шараларының бұзылмауын бақылауда ұстайды.

Маманның айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері дистанция бойынша өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелмеген. Теміржолшылардың барлығы жұмыс санатына қарай қорғаныс және маусымдық киім-кешекпен қамтамасыз етілген екен.

– Жыл басынан бері 17 түрлі маусымдық арнайы киімге тапсырыс беріліп, қажетті көлемде алынып теміржолшыларға үлестірілді. Мәселен, биыл 580 жиынтық мақта-мата костюмі, 3000 жұп қолғап, 100 жұп жылы етік, 190 дана плащ, 200 дана қорғаныс көзілдірігі, 200 дана каска, 200 дана жылы қолғап, 200 жаздық бас киім, 100 респиратор алынды. Жалпы алғанда дистанция жұмысшыларының 90 пайызы қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етілді деп айта аламыз, – деді Майра Бадрақова.

Сонымен қатар, дистанция жұмысшыларына арналған қызметтік ғимараттарда 393 киім шешетін гардероб, жуынып-шайынатын 26 душ, 43 қолжуғыш, 42 киім кептіретін шкаф қарастырылған. Бұл орындардың санитарлық тазалығы, жинақылығы, жалпы тұрмысқа қолданылуы техникалық қауіпсіздік талаптарына сай болуы арнайы мамандар тарапынан бақылауға алынып тексеріліп тұрады екен.

Жолшыларды сүтпен қамтамасыз ету де шешімін тапқан. Биыл дистанциялықтарды «Азия снаб спец» серіктестігі қажетті көлемдегі сүтпен қамтамасыз етуде. Олар келісімшартта көрсетілген кесте негізінде жыл басынан бері берілуі тиіс 2911 литр сүт қорының 1500 литрін сүт пайдаланушы теміржолшыларға дер кезінде үлестіріп отыр. Сонымен қатар жұмыс орындарының жұмыс жасауға сәйкестігін анықтау мақсатында 37 жұмыс орнын аттестациядан өткізу жоспарлануда екен.

Биылғы жылдың жеті айында дистанция ұжымы жергілікті тұрғындармен, оқу орны оқушыларымен теміржолдың адам өміріне қауіптілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп 134 рет жиын өткізіпті. Оған 5302 адам қатыстырылған. Жергілікті 54 оқу орнында 6932 оқушымен тағы кездесу өткізген. ЖІІб өкілдерімен, ӘТЖК сарбаздарымен бірігіп 73 рет рейд өткізілген. Телім бойындағы 32 ескерту белгілері жаңартылған. Міне, осының бәрі – жолшының да, жергілікті тұрғындардың да өмірін сақтау, техникалық қауіпсіздік шараларын арттыруға бағытталған жұмыстар.