Семейлік теміржолшы ардагерлер жан-жақты белсенді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшы ардагерлер бөлімшенің қоғамдық-саяси, спорттық өмірінде де аса белсенді. Жиі жиналып, бас қосып, өзара түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын қарт теміржолшылар жуырда спорттық сайыс өткізіп, өз араларында шеберлік сынасты.

Семей ЖТ бөлімшесінің психологиялық жүктемеден арылу бөлмесінде өткен бұл спорттық жарыстарға ардагерлер қауымы мол жиналды. Олардың арасында әсіресе байырғы локомотив шаруашылығы, жол дистанциясы мен жолаушы тасымалы бойынша ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қариялардың саны мол болды.

– Ардагерлеріміз спорттық жарыстардың барлық түріне жоғары белсенділікпен қатысты. Бұл күні негізінен шахмат, дойбы, теннис және дартс ойыны бойынша өзара сынға түскен ардагерлер арасынан жеңімпаздарды анықтадық, – дейді аталмыш шара ұйымдастырушыларының бірі, Семей ЖТ ардагерлер ұйымының белсендісі Галина Андреевна.

Аталмыш сайыстың нәтижесінде шахматтан Қырықбай Әлсейітовке тең келер қарсылас болмады. Ал дойбы, дартс және теннис сынды үш бірдей спорт түрінен қатар бақ сынаған Нағима Мойынбаева да үздік атанды. Сондай-ақ, өзге де ардагерлер жекелеген сында топ жарып, жүлдегер болды.

Сала ардагерлерінің өмірін жарқын ететін мұндай шаралар алдағы уақыттарда да жиі өткізілетін болады дейді ұйымдастырушылар.