Астық тасымалы: тәулік бойы бақылауда

Астықты өңірлерде жедел астық топтарының тәуліктік жұмысы ұйымдастырылмақ. Компанияның орталық аппаратында ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің төрағалығымен астық тасымалын ұйымдастыру бойынша штаб жұмысына кіріспек.

Басты міндет – туындаған мәселелердің жедел шешімін табу. Сонымен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ клиенттерінің қанағаттанушылық деңгейін арттыру үшін өзекті мәселелерді жедел қарастыратын жұмыс тобы құрылды. Одан басқа корпоративтік сайтта жүк жөнелтушілер мен экспедиторлар үшін ақпараттар ұдайы салынып отырады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-да 8(7172) 60-30-30 call-орталығы жұмыс істейді, оған әрбір адам астық жөнелтуге қатысты мәселелермен хабарласа алады, сонымен қатар «Келісімшарттық және коммерциялық жұмыстар» автоматтандырылған басқару жүйесінің call-орталығы - 8(7172) 60-66-67 номеріне де соғуға болады.

Аталған телефондар бойынша жүк тасымалдауға қатысты қызметтер туралы сұрақтарға жауап алып, мамандар кеңесіне жүгінуге және анықтамалық ақпараттар білуге болады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық және жұмысшылар тарапынан қызметтік міндеттерін асыра пайдаланушылық фактілерін хабарлай алады.

2019 жылдың 7 айында барлығы 6 миллион тонна астық, 1,4 миллион тонна тартылған астық өнімдері тиелді. Астық экспорты 4,7 миллион тоннаны құрады. Астық Орталық Азия, Ресей, Беларусь, Балтық теңізі жағалауы елдері, Иран, Грузия, Әзербайжан, Қытай мен Ауғанстан елдеріне жеткізіледі.

Оның үстіне, астық экспортының 50%-ы Орталық Азия елдеріне бағытталса, 24%-ы еуропалық бағытта. Ұн тарту өнімінің негізгі көлемі Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне бағытталған.

Мамандардың есебі бойынша, тиелетін жүктердің жалпы көлемі биыл шамамен 10 миллион тонна астық және 1,8 миллион тонна тартылған ұн өнімдерін құрамақ. Ал нағыз шарықтау шегінде айына 1,1 миллионға жуық тоннаға жетпек.

Сарапшылардың айтуынша, вагондар айналымы өз дәрежесінде сақталатын болса, жаңа егінді қолданыстағы вагон паркімен, соның ішінде астық тасымалдайтын вагондармен де, жабық вагондармен де тасымалдауға болады.