Қараушы-жөндеушінің қауіпсіздікке қосылған үлесі

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау вагон пайдалану депосының вагон қараушы-жөндеушісі Берік Қисықов – өз ісіне адал жан. Міне, 15 жылдың жүзі болды, ол жылжымалы құрамның ақауын тап басып тауып, оны жөндеп қалпына келтіру жұмысын кәсібилікпен атқаруда.

Осыған дейін де талай қауіпті ақаудың алдын алып, 2016 жылы «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын.

Биыл тағы бір күрделі ақауды анықтады. Атырау станциясының 8-ші жолында түнгі сағат 03:36 минутта келіп тұрған пойызға техникалық қызмет көрсету кезінде вагон қарап-жөндеуші Берік Қисықов доңғалақ буксының 23 милиметрге ығысып кеткенін анықтаған, ол қалыпты 1,5 мм-ден әлдеқайда артық. Сондықтан дереу қақпақты ашып, бұранданы ағытып қарағанда ішіндегі темір сынып, майы қарайып кеткенін көреді. Вагон ақаулы деп танылып, Атырау депосына техникалық ағытып-жөндеуге жіберілген. Сол үшін ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың бұйрығымен «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталып, оны Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Мағауия Оразқұлов иесіне табыс етті.

Берік Құдайбергенұлы 1982 жылы туған, отбасылы, 3 баланың әкесі. Атырау №1 кәсіптік-техникалық мектепті бітіріп, еңбек жолын 2001-2004 жылдар аралығында «АтырауМұнайМаш» ЖШС-де слесарь-жөндеуші болып бастаған. 2004 жылдың ақпан айынан бастап Атырау вагон пайдалану депосында 3-разрядты вагон қарап-жөндеуші болып өмірін темір жолмен біржолата байланыстырды. Содан бері теміржолшы мамандығына кір келтірмей келеді, алдымен 4-ші, ал тағы үш жылдан кейін 5-ші разрядты маман атанды.