Бейнеуде әріптестерге арналған турнир өтті

Кәсіби мерекеге орай Бейнеуде кіші футболдан аудандық турнир өтті. Спорттық жарыс бүгінде арамызда жоқ ардагер теміржолшыларды еске алуға арналды.

Бүгінде тоғыз жолдың торабына айналған Бейнеу теміржолын түлетуге бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен теміржолшылар аз емес. Олардың қатарында, мысалы, Амангелді Байтілетов, Қыдырсиық Сисенов, Дүйсеғали Шалғабаев, Ыбырай Шоманов, Серікбай Қабдышев, Тұрмағанбет Өмірзақов есімдері ерекше құрметпен аталып, шараға марқұмдардың отбасы, жақын туыстары қатысты. Турнирдің ашылуында сөз алғандар осынау ардагер аға буынның еңбек жолынан естеліктер айтып, рухына тағзым етті. Шараға теміржолшылармен қатар ауданның спорт және мәдениет бөлімінің басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.

Ойын екі күнге созылды. Теміржолшылардан құралған командалар бір-біріне есе жібермеуге тырысып, жарыстың көрігін қыздырды. Дегенмен, екінші күні Бейнеудегі локомотив айналым депосының жігіттеріне жететін ешкім жоқ екені белгілі болып қалды. Көпшілік жеңімпаздарды өздері-ақ күнібұрын айқындап қойды. Болжам шындыққа айналып, локомотившілер бірінші орынды, станция қызметкерлері екінші орынды иемденді. Ал Бейнеу вагон пайдалану айналым депосының командасы үшінші орынды місе тұтты.