Ақтөбе вокзалында «Таза вокзал» акциясы басталды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе вокзалында «Таза вокзал» акциясы басталды. Вокзал басшысы Тойбазар Қуанышев заңсыз билет сатылымына жол бермес үшін тұрақты рейд жұмыстарын қолға алғандарын хабарлады.

Акция аясында вокзал айналасындағы билетсіз жолаушылар, алыпсатарлар мен мазаңды алатын таксистер жұмысына дейін бақыланатын болады. 30 шілдеде бастау алған шараға Жүк тасымалы, вокзал басшылығы және желілік полиция бөлімдері атсалысуда.

«Заңсыз билет сатылымы қатаң бақылауда. Вокзал кезекшісі тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп отыр, Алматыға, Астанаға, Маңғыстауға қарай барушылардың саны сараланып, барлық ақпарат жолаушылар бөліміне хабарланады. Олар соған сай қосымша вагон тіркейді. Бүгін жөнелтілген Атырау пойызына қосымша бір вагон тіркелді, интернет арқылы сатудан бөлек айналымға түскен билеттерді кассаға кезекке тұрған жолаушылардың алуына жағдай жасалды», – дейді Тойбазар Қуанышев.

Өңірде алыпсатарларға қатысты өткен жылы мынадай бір оқиға болған. Бірнеше адамды жинап бір вагонға билет сатып жіберген алыпсатар оқиғасы желілік полиция бөлімшесінің мамандарына жіберілген. Ал биылғы жартыжылдықта жолаушылардан ешқандай шағым түспеген.

Сонымен қатар, жергілікті биліктің қолдауымен вокзал айналасына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Әкімшілік теміржол вокзалы маңындағы автокөлік тұрағының жұмысын да ретке келтіруді қолға алмақ.