Болашақ станциясы теміржолшылар күнін ерекше атап өтті

Биыл Болашақ станциясы теміржолшылар күнін ерекше атап өтті. Атаулы күнге орай салтанатты жиын мен марапат болды, ән мен жырдың да тиегі ағытылып, спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Тамыздың екінші күні теміржол мекемелері арасында волейболдан жарыс өтті. Ел шетіндегі станция тұрғындарын ортақ алаңға біріктірген сайыста барлығы бес топ бақ сынады. Оның ішінде жергілікті әкімдіктің де командасы болды. Ойын қорытындысында бас жүлдені ауыл құрамасы, яғни жергілікті әкімдік, екінші орынды Болашақ станциясы, ал үшінші орынды мекеме басшыларынан құралған топ еншіледі. Сайыс жеңімпаздарына арнайы диплом және қаржылай сыйлықтар берілді.

– Жарыстың аты – жарыс. Бірі жеңсе, екіншісі жеңіледі. Десек те, ресми түрде жеңімпаздарды жариялап марапаттағанымен, мереке құрметіне басқа қатысушы топтар да сый-сияпатсыз қалмады. Ең бастысы – салауатты өмір салты мен өзара ауызбіршілік, сосын әрине, халыққа мерекеде көтеріңкі көңіл-күй сыйладық, – дейді Болашақ станциясының бас инженері Ғани Қуанышов.

Ертесіне әсемдеп безендірілген станция ғимараты алдында кешкілік концерт өтті. Мұнда әсем ән шырқалып, бишілер мың бұралып биледі. Концертке болашақтықтардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Станция тұрғындарының өзара ауызбіршілігін паш еткен осынау іс-шараға мектеп оқушылары және әкімдік қызметкерлері белсене атсалысты.

Жиын соңында ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген теміржолшылар марапатталды.