Шымкенттік теміржолшылар спорттық жарыс өткізді

Теміржолшылар күніне орай сала қызметкерлері Шымкент қаласындағы «Манчестер» спорт кешенінде жылдағыдай мини- футболдан, үстелүсті теннисінен, шахматтан жарысқа түсті.

Жарысқа өңірден барлығы 13 команда қатысты. Атап айтқанда, Жүк тасымалы, НЖС-9, Шымкент станциясы, Түлкібас станциясы, Қорғасын станциясы, «Транстелеком» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «ӘТЖК» АҚ, НОРПОЖ, Арыс станциясы, Арыс станциясының ШЧ-38, ВЧД-30, ПЧ-53 мекемелері.

Ең бірінші әйелдер арасындағы үстелүсті теннисі мен шахмат жарысы өтіп, Шымкент станциясы вокзалының технигі Мақпал Ка тенова мен «ӘЖТК» АҚ есепшісі Гүлжан Таменова жеңімпаз болып танылды. Ал шахматтан ерлер арасынан «Транстелеком» АҚ атынан Қанат Садубеков пен Сарыағаш станциясынан келген Нұржан Бегілдаевқа тең келер қарсылас болмады.

Ерлер арасындағы теннистен 1 орынды «ӘЖТК» АҚ командасының басшысы Мұстафа Бақперов, 2 орынды «ӘЖТК» АҚ өкілі Нұрдәулет Абдураимов, 3 орынды «Транстелеком» АҚ ойыншысы Серік Сапарбеков жеңіп алды.

Ал жарыстың ең шешуші әрі көрігін қыздырған футболдан бірінші орынды «ӘЖТК» АҚ командасының құрамы жеңіп алды. Екінші орынды Жүк тасымалының құрама командасы алса, үшінші орынды Түлкібас станциясы иемденді.

Жарыс соңында барлық қатысушыларға сыйлықтар мен грамоталар берілді. Минифутболдан жеңіп шыққан командаға кубок пен диплом табыс етілді. Қысқасы, жүлдесіз бірдебір команда қалған жоқ. Бәрі жеңімпаз атанды.