Оза шауып бәйге алғандар

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ-да биылғы жастар жылына орай өткізілген қолданбалы көпсатылы жарыстар өз мәресіне жетті. Қоғамның филиалдарынан жиналған 12 команда арасынан семейліктер құрамасы жеңімпаз атанды.

Екі күн бойына «Байкал» тапаншасы мен «Сайга» карабинін толықтай және толық емес күйде шашып-жинау, қолы немесе аяғы сынған адамға алғашқы көмек беру, зардап шеккен адамның аяғына лангет қою, керіліп тартылу, қолды жерден көтере бүгіп-жазу, 100, 500, 1000 метр ұзақтыққа жеңіл атлетикалық жүгіру, қол күресі, тапаншамен атудан жарысқан әскерилер 2 тамызда марапатталды.

Жарыс күндері барлық сынақтар бойынша қарым-қабілеттерін көрсеткен әр команда екі адамнан құралды. Өз өңірінің намысын қорғап, жеңісті қолдан бермеуге тырысқан командалар арасында екі күнгі нәтиже бойынша командалық бірінші орынды Семейдің әскерилендірілген күзет қызметі алды. Екінші орын тараздықтарға, үшінші орын елордалық күзет сарбаздарына бұйырды.

Ал жекелей алғанда, «Байкал» тапаншасы мен «Сайга» карабинін толықтай және толық емес күйде шашып-жинау жарысынан қостанайлық Қуандық Базарбеков үздік атанды. Бір жері сынған адамға алғашқы медициналық көмек беруден әйелдер арасында қарағандылық Екатерина Хайрутдинова озып шықты.

Бір айта кетерлігі, бұдан кейінгі үш ойын түрі, атап айтқанда, керіліп тартылу, қолды жерден көтере бүгіп жазу, 100 метр ұзақтыққа жеңіл атлетикалық жүгіру осы жарыс бағдарламасына арнайылап енгізілген. Себебі, жыл сайын Сочи қаласында өтетін халықаралық ойындарға қатысушы қазақстандық теміржолшылар командасы осы ойын қорытындысы бойынша іріктеледі. Сонымен ерлер арасында керіліп тартылудан ең мықты Достық станциясынан Бекет Рахымбер- диев болып шықты. Ал әйелдер арасында қолды жерден көтере бүгіп жазудан мықты тараздық Әсем Отарбала екені анықталды.

Соңғы жеңіл атлетика жарысында 100 метрге жүгіруден ерлер арасында ақтөбелік Қолбатыр Базарбаев мықтылық танытса, әйелдерден де ақтөбелік Гүлжан Бақытжанова жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар 500 метрлік кросста қарағандылық Екатерина тағы үздік болса, ерлер арасында 1000 метрлік кросстан қайтадан ақтөбелік Қолбатыр жеңімпаз болды. Қол күресінен семейлік Бақтияр Ешкенов алға шықты. Оза шауып бәйге алған барлық жеңімпаздар арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.