Семейлік теміржолшылар кәсіби мерекені атап өтті

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшылар да биылғы кәсіби мерекелерін ерекше леппен атап өтті. Қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтіп, оған барлық желі бойындағы теміржолшылар жиналды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев пен Семей магистральдық желі басшысы Айдын Шәукежанов теміржолшыларды құттықтады. Ағымдағы жылғы жетістіктерді сөз еткен Марлен Кәрімұлы өткен жыл теміржолшылар үшін мейлінше табысты болғанын, сондықтан биыл да жоғары белесті бағындырудан үмітті екендерін жеткізді.

Осыдан соң дәстүрге сай марапаттау сәтіне кезек берілді. Еңбекте табысқа жеткен көптеген теміржолшылар Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал бөлімше басшысының логистика бойынша орынбасары Болат Өтегенов «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін иеленсе, Семей станциясының пойыз құрастырушысы Ербол Ряшов бастаған бірқатар теміржолшылар «Кәсібі бойынша үздік» атанды. Жаңа-Семей жол дистанциясының аға жол шебері Қабдолла Шаймұратов салалық сайыс бойынша үздік атанды. Сол тәрізді вагон қараушысы Марат Сатыбалдин мен ТЧЭ-24 мекемесінің тепловоз машинисі Әсет Аманғазинов ұлттық компанияның басқарма төрағасының Алғыс хатын иеленді. Ал, ШҚО әкімінің Құрмет грамотасын Семей ЖТ бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Асхат Жармұхаметов алды. Бұдан өзге көптеген сала қызметкерлері «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталып, абыройлары еселенді. Олардың арасынан қарапайым еңбек адамдары СОБ электромеханигі Гасарбек Бикировты, ПЧ-40 цех шебері Болатхан Түспековті атауға болады.

Салтанатты жиынның соңы қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген сахналандырылған көрініс пен мерекелік концертке ұласты.