Сарыағаштың екінші тынысы

Оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш станциясында Қазақстан мен Өзбекстан теміржол әкімшіліктерінің өкілдері кездесіп, пойыздар қозғалысын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Бас директорының орынбасары Мұхтар Махамбет пен «Узбекистон темир йуллари» АҚ жүк және коммерциялық жұмыстар басқармасы басшысының орынбасары Махамаджон Усмоновтың қатысуымен өткен кеңесте елдер арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыру бойынша шаралар, Сырдария мен Сарыағаш мемлекетаралық түйісу пункті жұмысының технологиялық процестерін жетілдіру туралы сөз болған.

Айта кетейік, екі ел арасындағы теміржол тасымалы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамуда. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Сарыағаш МАТП арқылы Өзбекстанға 7 мыңнан астам пойыз жөнелтілсе, шамамен 6700 – кері бағытта өткен. Ал биылғы жарты жылда Өзбекстанға 3400 астам пойыз жол тартса, кері бағытта – 3457 пойыз өткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 91 пойызға артық деген сөз. Алда әлі де жарты жыл бар екенін ескерсек, бұл көлем тағы да еселеп арта түспек.

Оның үстіне, Сарыағаш станциясын модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, бірқатар құрылымдық жаңарту мен жаңғыруды бастан кешті. Техникалық ақаулары бар вагондарды ағытып алу, жылжымалы құрамның тұруы үшін жаңа жолдар салынып, ұзартылды және электрлендірілді. Бұл шекаралық станцияның екінші тынысын ашып, өткізгіштік қабілетін еселеп арттырды. Нәтижесінде станцияның жұмыс ауқымы да бірнеше есеге артып, соған орай штат саны да өскен.

«Біз станциялар жұмысы технологиясын үнемі жетілдіріп отыруға тырысамыз. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Егер бұрындары Сарыағаш бойынша біз 22 пар пойыз алмассақ, енді жаңа технологиялық процесс бойынша тәулігіне 30 жұптан артық пойыз алмасу қарастырылуда», – деді басқосуда Мұхтар Махамбет.

Таратып айтар болсақ, 2005 жылы шекаралық түйіспе станциясы мәртебесіне ие болған Сарыағаш күні бүгінге дейін сол жылдары жасалған технологиялық процесс бойынша жұмыс жасап келді. Ол бойынша меже – тәулігіне 12 жұп пойыз алмасу еді. Бұл сол кездегі көлемге сай да болатын. Ал бүгін ше, қарыштап дамыған теміржол саласы, АСУ жүйесінің мүмкіндіктері, әлем елдері арасында жылдан-жылға өсіп жатқан тауар алмасу, контейнерлік тасымал, т.т. бір орында тоқтап тұруды көтермейді. Сарыағаш станциясының қуатын толықтай пайдалану қажет болды.

«Станцияны дамыту жобасына орай осыдан бірнеше жыл бұрын қосымша жолдар құрылысы жүргізіліп, бірқатар жолдар ұзын құрамды пойыздар үшін ұзартылып, қыруар жұмыс жүргізілгенмен белгілі бір себептермен қолданысқа берілмей тұрған. Өткен жылдың соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің тікелей басшылығымен сол жылдар бойы шешімін таппай тұрған мәселенің түйіні жазылыпты. Жолдар мен жаңа нысандар пайдалануға беріліп, қысылып тұрған станцияның тынысы кеңіп сала берді. Тек сол өткен жылдың желтоқсан айында жүк қабылдап-жөнелтуде рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік», – деп әңгімеледі Сарыағаш станциясының бастығы Нұрдәулет Байғазиев.

Міне, осыдан кейін 14 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан қолданыстағы ескі технологиялық процесті жаңарту қажет болады. Сарыағаш модернизациядан өтпей-ақ екі ел пойыз алмасуды 18-20 жұпқа жеткізген болатын. Ал кешегі өткен басқосуда екі ел теміржолы әкімшілігінің басшылары осы мәселенің түйінін тарқатып, бұрынғы 12 жұп пойыз алмасудың орнына 30 жұп пойыз алмасуға шешім қабылдап, жаңа технологиялық процесті бекітті.

– Сарыағаштың бүгінгі қуаты үшін бұл – нақты көрсеткіш, орындалмайтын көлем емес. Жаңа жолдар пайдалануға берілмей, адымымыз ашылмай тұрғанның өзінде 25 пойызға дейін жеткен кездеріміз болды. Ал бүгінде станция қуаты да, мүмкіндігі де артты. Штат саны да еселеп өсіп, тек осы жұмыстар басталған бір жылдың ішінде 48 адам жұмысқа алынды. Олардың дені – құжаттармен жұмыс жасайтын, шекара асатын жүктерді қабылдап-тапсыратын кеңсе қызметкерлері және вагон қараушылар мен пойыз құрастырушылар. Бүгінде станцияда барлығы 238 теміржолшы еңбек етуде. Контейнерлік пойыздарды өткізуде де тәжірибеміз артты. Бүгінде тәулігіне 57-71 вагоннан тұратын 3 контейнерлік пойызды қабылдап, тағы соншасын жөнелтудеміз, – деді станция бастығы.

Өзбекстандық тарап та шекаралық бекеттер- дің өткізу қабілетін арттыру бағытында біраз жұмыс жасаған көрінеді. Олар өз кезегінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданы бағытындағы Сырдария МАТП арқылы жүк тасымалы көлемін арттыруды жоспарлап отыр екен.