Тәжікістан нарығына тағы бір қадам

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Тәжікстанға ресми сапары барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Рохи охани Точикстон» ГУП арасында Келіссөздер хаттамасына қол қойылды.

2018 жылы екі ел арасындағы сауда-саттық 8,2% өсіп, тауарайналымы 900 млн АҚШ долларын құраған. Тәжік елінің үкімет басшысы Кохир Расулзоданың айтуынша, Қазақстан тауарайналымы бойынша Тәжікстанның екінші серіктесі болып табылады. Алайда, Қазақстанның тәжік елінің басты серіктесіне айналу мүмкіндігі бар. Қазір осы бағытта екі елдің үкіметі белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Биылдың өзінде екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін, ал 2020 жылы 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу көзделген. Тәжікстанға биылғы жылдың бес айында 443 мың тонна бидай сырттан әкелінген. Осы ретте, тәжік нарығына астық пен бидайды негізгі жеткізуші ел Қазақстан болып отырғанын атап өтер едік.

Сапар барысында қазақ-тәжік үкіметаралық келіссөздері жүргізілді. Тараптар қазақстандық өнімдерді жеткізу көлемін ұлғайту және номенклатураны кеңейту бойынша қол жеткізілген келіссөздердің іске асуын жалғастырмақ. Әсіресе, назар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік кооперация, тағысын тағы салада инвестициялық өзара ісқимыл механизмдерін жетілдіруге аударылды.

Жалпы үкімет басшысының ресми сапары барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қатысты 11 құжатқа қол қойылды. Соның бірі – Тәжікстан нарығына қазақстандық бидайды жеткізуге қатысты келісімшарт болып отыр. Оның құны 6 млн АҚШ долларын құрайды.