Әріптестің құрметіне волейболдан жарыс өткізді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Әскерилендірілген теміржол күзетінің кешегі сарбазы Әділхан Аймағанбетов зейнет жасына толып, құрметті демалысқа шығуына орай, әріптестері оның құрметіне волейболдан жарыс өткізді. 

Ардагерлер кеңесі қатарларының тағы бір теміржолшымен толығуына орай ұйымдастырған спорттық шара барысында сегіз адамнан құралған төрт команда волейбол ойнап, жолдастық кездесу өткізді. Оған, атап айтқанда, жүк тасымалы, магистральдық желі бөлімшелерінен бөлек, әскерилендірілген күзет және ардагерлер командасынан да ойыншылар белсене атсалысты.

Спорттық шараларға тұрақты қатысып жүрген ардагерлердің алды 78 жаста. Бәрі де ширақ, қашан да қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылады.

Әділхан Мұсаұлы еңбек жолын 1972 жылы темір жол техникумын бітіргеннен кейін бастаған екен. «Кезінде вагон құрастырушы болып бастадым. Ақтөбеге қарай жүретін вагондарды бір бөлек, Қандыағашқа баратындарды бір бөлек тізетінбіз. Соның бәрінен бір пойыз құралады. Әскерге барып келгеннен кейін де станциядағы жұмысымды жалғастырдым. 1987 жылы әскерилендірілген темір жол қызметіне алындым. Міне, содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті...», – деп естелік айтады ардагер.

Әскерилендірілген темір жол күзетінде ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман бүгінгі жастардың кәсіпке немқұрайлығына ренішін білдірді. «Біздің кезімізде кадр алмасу деген болмайтын еді. Әр адам өз орнын бағалайтын. Қазір салаға келген жастар ұзамай кетіп жатады. Қиындыққа шыдағысы келмейді. Күндіз-түні жасалатын жұмысты қиынсынады. Ақтөбе атқыштар командасында қазіргі уақытта маман жетпей жатыр. Жастар жеңіл-желпі жолмен ақша тапқысы келеді. Біздің аз жалақыны менсінбейді, бірақ дарақ бір жерден көгеретінін, аз айлықпен-ақ береке табарын ойламай, анда-мында көшіп-қонып жүретін жастарға тұрақты жұмыс істеп, мен сияқты зейнетін көріңдер дер едім», – дейді Әділхан Мұсаұлы.