Бейбіт күннің батырлары

Қазір Арыс қаласында жағдай қалыпты. Жарылыстан үйлері қирап, есік-терезелері сынған тұрғындардың баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден материалдық көмек пен азық-түлік үлестірілді. Балалар мен ардагерлерді сауықтыру лагеріне жөнелтіп жатыр. Арасында теміржолшылардың балалары да бар. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз кешегі сын сағатта ерлікке пара-пар іс жасаған теміржолшылар болмақ. 

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы 24 маусым күні болған жарылыс жергілікті тұрғындарды есеңгіретіп тастады. Салдарынан қала халқы жан-жаққа бытырай қашып, ана баладан, бала анасынан көз жазып қалған болатын. Кейбір үйлерге, дүкендерге, тойханаларға, т.б. түрлі нысандарға әскери қоймадан атқылаған жарылғыш заттар ұшып келіп, тас-талқанын шығарып, қиратып кетті. Оның зардабы Арыс қаласындағы темір жол станциясына да айтарлықтай зиянын тигізді.

Қазір Арыс станциясында пойыздар қозғалысы толық іске қосылды. Біз бүгін сол оқиға болған күні станцияда болған, жұмыс орнынан кетпестен өрт шалған вагондар мен контейнерлерді өшіріп, қоғам мүлкін қарлығаштың қанатындай болса да су сеуіп, қорғап қалуға атсалысқан екі теміржолшы туралы сөз етпекпіз. Олар – Арыс станциясының пойыз құрастырушылары Төрехан Тоқсейітов пен Ерғазы Нарымбетов.

Бұл екі теміржолшының жасаған еңбегін әріптестері бейбіт күндегі ерлікке балап отыр. Олар қалада болып жатқан жарылысқа қарамастан жұмыс орындарын тастап кетпестен өз міндеттерін соңына дейін адал атқарған. Алдымен пойыз құрастырушы Төрехан Тұрсынханұлын әңгімеге тартып, жарылыс кезінде не болғанын басынан бастап айтып беруін өтіндік.

– Таңертең сағат тоғызда жұмысқа келіп, ауысымды қабылдап алдық. Тоғыздан аса әбігер басталды. Бізге жарылыс басталмай тұрып өрт сөндіру пойызын апаруға команда берілді. Мен өрт сөндіру пойызына барып орнынан алып шықтым. Пойызды 1-ші Арыстан 2-ші Арыстағы әскери бөлімге жеткізуіміз керек болды. Алайда осы кезде жарылыс басталып, салдарынан сигнал, бағдаршамдар істен шығып, пойыз жарты жолда тұрып қалды. Кезекшімен де хабарласа алмай қалдық. Дереу станция бастығының міндетін уақытша атқарушы Эдуард Дербісовке хабарластым. Оған бізге осындай пәрмен берілгенін, бірақ пойызды жеткізе алмай қалғанымды айтып, ары қарай не істеу керегін сұрадым. Ол кісі бізге «техконтораның астында бомбадан паналайтын орын бар, сол жерге барып жасырына тұрыңдар, бірақ байланыста болыңдар» деп бұйрық берді. Сол жерге барып жасырындық, бізден басқа да біраз адамдар болды. Осы кезде солтүстік жақтан келе жатқан жүк құрамы станцияға кіреберіс жолда тоқтап қалғаны туралы хабар жетті. Қасымда кезекші Талғат Мархабатов, Ерғазы Нарымбетов, пойыз тапсырушы Дәулет Құлтасов, тағы бір көмекшім бар – бәріміз сол жерге бардық. Талғат Мархабатов бізге «Эдуард Дербісов команда беріп жатыр, солтүстіктен состав келе жатыр деді. Сол жүк пойызы кіріс бағдаршамға келіп тоқтап қалған екен. Бағдаршам істемей қалғандықтан ары қарай жүруге рұқсат жоқ. Кезекшіге хабарласайын десе, рация алмаған. Сол вагон жанып жатыр деген қауесет естіп, бізге барып алып келіңдер деді» деп станция басшысының бұйрығын жеткізді.

Сыртта снарядтар түсіп, жарылыс болып жатыр. Жұрттың бәрі қашып жертөлені паналаған. Бағдаршам істемейді, составты жүргізе алмаймыз. Осындай қысылтаяң жағдайға қарамастан біз бағдаршамдарды қолмен бұрап іске қостық. Қасымда ТЧЭ-38 машинисі Мұрат Төлебаев пен оның көмекшісі Бекзат Ахмедов болды. Солтүстіктен кіріп келген пойызды Түркістанның Айбек Раджапов деген машинисі жүргізіп келген болатын. Сол және механик Құрал деген кісімен бесеуміз шығып тепловозды оталдырып, алып шықтық. Жолшыбай бағыттама бұрманың бәрін қолмен туралап бардық. Составтың қалып кеткен жері әскери бөлімге өте жақын орналасқан еді.

Ерғазы Нарымбетов Дербісовтің составқа апарып келетін жолды босатып, дайындаңдар деп тапсырғанын айтты. Составқа барып тіркелдік, қасына снарядтар түскендіктен, жанындағы шөптер лаулап өртеніп жатыр екен. Ал ол составтың ішінде не жоқ дейсіз. Он вагон бензин, тағы басқа түрлі қауіпті жүктер тиелген. Бір қуанғанымыз, барсақ вагондар аман екен, өрт енді ғана басталыпты. Составқа тіркелген соң түркістандық машинист тепловозға кіріп оталдырды. Астында тұрған тежегіштік табандықтың бәрін алып тастадық. Дәл сол кезде составтың жанына снаряд түсіп атылды. Жаңағы жанып жатқан от одан сайын күшейе түсті. Мен тез арада команда беріп, напарнигіме хабарластым да, составты 31-ші бос жолға апарып кіргіздік. Вагонды қабылдау паркіне қауіпсіз жерге жеткіздік. Артынша 32ші жолдың орта жағында контейнер-вагон жанып жатыр деген хабар түсті. Сонымен бұрмаларды қолмен бұрап, тепловозды 32-ші жолға кіргіздік. Себебі, басқа вагондар зиян шекпеу керек. Вагондағы өртті өшіруге осы кезде Эдуард Дербісов, оның орынбасары Құрманғазы Нарымбетов көмекке келіп, барлығымыз жабылып жүріп, сумен өшірдік. Сөйтіп жатқан кезде жақындау жерге сна ряд түсті. Жарылған дауыс естілсе жатып қаламыз да, қайтып орнымыздан тұрып, жұмысымызды істей береміз. Снарядтар 50-60, 100 метр жерге түсіп жатыр. Ысылдаған дауысына үйреніп те қалдық. Сондай жағдайлар болды. Қысқасы, біз станцияның қабылдау паркінде сағат тоғыздан кешкі беске дейін осылай жұмыс істедік, – деп әңгімелеп берді пойыз құрастырушы Төрехан Тоқсейітов.

Теміржолшылар отпен алысып жүріп, жүк вагондарын аман алып қаламын дегенше, түс тарқайды. Станция басшысының міндетін уақытша атқарушы Эдуард Дербісов: «Болды, хабар келді. Қаладан адамдардың бәрі шығып жатыр, Арыста эвакуация, тастаңдар, кеттік» деп теміржолшыларды станция басына бастап келіп, сол жерде жертөледе отырған барлық халық арнайы жіберілген автобустарға отырып, қалаға жөнелтіледі.

Төрехан Тұрсынханұлының айтуынша, теміржолшылар да жартылай әскерилер сияқты бұйрыққа бағынып жұмыс істейді. Сол себепті, теміржолды тастап кете алмадық дейді. «Қал» десе қаламыз, «мынаны істе» десе істейміз. Бізге басшылар «болды, тастаңдар» деп айтқан кезге дейін жұмыс істейміз, біздің міндетіміз сондай. Түскісін отбасыма бір рет хабарласқанымда, елмен бірге қырға қарай қашып бара жатқанын айтты. Аман болсаңдар болды, жұмысты тастап кете алмаймыз дедім. Бізге сөйтіп сағат бестер шамасында «отбой» берді. Бәріміз теміржолдан шықтық. Сосын эвакуациямен бізді Шымкентке алып кетті», – дейді.

Жарылыс болған күні жұмыста болып, апат салдарымен соңына дейін күрескен бес адам – бес теміржолшының қай-қайсысын да бейбіт күннің батырлары деп айтуға әбден болады. Жанжақтан атылып жатқан снарядтарға қарамастан, өмірлерін қатерге тіксе де, теміржолдың амандығын бірінші орынға қойып, кәсіптеріне адалдығын танытқан қарапайым теміржолшылар, керек кезде көзсіз ерлік жасай алатынын көрсетті. «Апат айтып келмейді» деген осы шығар.

«Жарылыстан қорқып, қашып кеткендер де болды. Бірақ біз жауапты едік, қанша вагон жүк, мүлік бар, стратегиялық объектіні қорғау керектігі санамызда жатталып қалған, қашу ойда да болған жоқ. Теміржолды жанып жатқан оттан қорғап, жүк құрамдарын аман алып қалсақ деп қана жанталастық. Басқа ештеңе ойлап үлгергеніміз жоқ. Жан-жақтан ысылдап атылып жатқан, бұрқ етіп жарылып жатқан снарядтар жарықшағына да бойымыз үйреніп, келе-келе батыл қимылдадық», – дейді Т.Тұрсынханұлы.

Ал пойыз құрастырушы Ерғазы Нарымбетов бастықтың өзі де осында болғаннан кейін, соның командасымен жұмыс істегенін айтады.

«Бізге команда түсті, өз міндетімізді атқардық. Жұмыста таңғы сағат 9-дан кешкі беске дейін жүрдік. Өртенген, қауіп төнген вагондарды қауіпсіз аймаққа көшірдік», – дейді жас теміржолшы. Ол снарядтардың бірінші рет жарылып жатпағанын, мұның алдында 2009 жылы наурыз айында да жарылғанын айта кетті. «Сол кезде де бір рет үлкен «грибок» сияқты жарылыс болды. Осы жолы қатты болды және сағат төрт жарымдарға дейін тоқтаусыз жарылды», – деді оқиғаны еске алып.

Ол кезде де адамдар қаланы тастап қашқан екен. Алайда жарылыс өзінен өзі сөніпті. Ерғазының айтуынша, ол кезде де теміржолшылар ешқайда дүрлігіп қашпастан жұмыс орындарында болған. Жалпы, әскери қоймадағы снарядтар өрт шыққан кезде қызып кеткендіктен, өзінен өзі ұшады екен.

Ол қайда бағыт алады, сол түскен жерін өртейді. Өрттің неден шыққанын халыққа әскери құпия болғандықтан айтпайтын шығар, дегенмен табиғи апат дегеннің де жаны бар ма қалай?..

Сонымен, Арыстағы дүрбелең аяқталып, қала халқы тынышталып, сабасына түсті. Теміржол қоғалысы іске қосылды. Десе де, мемлекеттік маңызы бар нысанның дәл осы әскери қойманың маңына жақын орналасуы көңілге алаңдаушылық ұялатады екен. Қорғаныс министрлігі, облыс пен қала билігі қазіргі таңда жұртты сендіріп, қауіп жоқтығын алға тартуда. Лайым солай болсын. Ал жарылыста зулап ұшқан оқ-дәріден қорықпай, вагондар мен контейнерлерді аман сақтап қалуға барын салған арыстық теміржолшылар ерлігін күллі халық мақтан етуге әбден лайық дер едік.