Басты бағыт - клиентке бағдарлану

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазіргі таңда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығының, қоғамға қарасты тасымалды жоспарлау жөніндегі департаменттің атқарушы директоры Нұржан Келбұғановтың тапсырмасымен темір жол бөлімшелерінде клиентке бағдарлану жұмыстары жандана түсті.

Өткен аптада селекторлық жиналыс барысында сондай тапсырма алған Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің қызметкерлері сервистік қызмет көрсету және клиенттер қажеттілігін қанағаттандыру бойынша жұмыстарды күшейтуге кірісті.

– Осы бағытта бүгінгі таңда біздің бөлімшеде келесідей жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, клиенттердің қажеттіліктері мен сұраныстарын, өтініштерін зерттеу, олардың қызығушылықтары мен ұсыныстарын қанағаттандыру, техникалық қолдау көрсетіп, консультация беру және сервистік жұмыстар мен ұйымдасқан қызметімізді көрсету, – дейді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов.

Бүгінгі таңда филиалдың өндірістік қызметі жандана түсті. Клиенттердің сұранымы мен ұсыныстарын қабылдау бойынша бөлімше кезекшісі, «Қазтеміртранс» АҚ диспетчерінің, АСУ ДКР және ЛОИС инженерінің телефондары берілді.

Бөлімше қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстарын ең ірі клиенттердің бірі «Каспий-Цемент» зауытының талаптарын зерттеуден бастады. Шетпе станциясында орналасқан аталған кәсіпорын басшылығымен бірнеше сауалнама қоя отырып, әңгіме жүргізілді. Бұл сұрақтар темір жол көлігі қызметін пайдаланатын клиенттердің сұраныстарын анықтауға арналған. Бөлімшенің логистика бөлімінің бастығы Ақан Әшімханов кәсіпорын туралы жал пы мәліметтерді сұрай келе, олардың теміржолға қатысты ұсыныстарын білді. Вагондар жеткізу мерзімі азайтылып, бос вагондарды қайтару жылдамдатылса, жүк тиеу үшін кіреберіс жолға берер кезде вагондардың техникалық тексерілу сапасын жақсартса деген өтініш айтылған. Сонымен қатар ұсыным ретінде вагондар бойынша бизнес жүргізу ережелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, вахтада жұмыс істейтіндердің жайлы барып-келуі үшін Маңғыстау өңіріне «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызын жүргізуді айтты. Теміржолмен байланысты қиындықтарына келсек, олар бұрын Шетпе станциясында түнгі ауысымда жүк қабылдап, жөнелтушілер болмауы мәселесі қазіргі таңда ол толықтай шешілгенін жеткізді. «Бізбен бірлескен жұмыстағы сіздердің жеткен жетістіктеріңіз қандай?» деген сауалға кәсіпорын иелері Шетпеде ЭЦ постының қайта салынып, бұрмалар мен белгілерді микропроцессорлық орталықтан басқару жүйесі жабдықтарымен бірге пайдалануға берілуі және станцияда теміржол үстінен салынған жолаушылар көпірінің қайта салынып, пайдалануға берілуі деп жауап берген. Теміржол саласының басшылары аталған кәсіпорынның ұсыныстілектерін ескере отырып, алдағы уақытта жаңа бағытта жұмыстар жүргізілетініне сендірді.