Цифрлы технологиялық байланыс құралы орнатылмақ

Цифрландыру жүйесінің құралдары темір жол саласына дендеп еніп жатқан дәуірде Астана сигнализация және байланыс дистанциясы да бұл жұмыстардан тыс қалмауда. Мекеменің Нұр-Сұлтан-Тобыл телімі аралығына ДХ-500 цифрлы технологиялық байланыс құралы орнатылмақ.

Дистанцияның байланыс телімінің бастығы Сәрсен Өтеповтің айтуынша, аталған мекемеге қарасты тек осы бағытта ғана байланыс құралдары ескі. Сонау 1979 жылдары енгізілген КАСС-6 байланыс жүйесімен жұмыс істеп келеді. Енді осы аралықтағы ШЧ-16 мекемесіне қарайтын Жалтыр, Жайнақ секілді тағы да басқа барлығы 4 станцияға ресейлік өндірушілер жасаған ДХ-500 цифрлық бағдарламасы бойынша құрылғылар орнатылмақ.

– Күнделікті селекторлық отырыстарда осы Тобыл бағытындағы станциялардан басқа телімдердің, мәселен, Павлодар, Көкшетау бағытындағы станциялардың байланысы өте сапалы болады. Бізде бұл жүйе осы телімнен басқа барлық жерде қондырылған. Бұрынғысы тіпті моральдық тұрғыдан ескірді десек болады, дауыстары өте жәй естіледі. Байланыс нашар. Енді, міне, Жалтыр телімі жаңғыртылмақ. Цифрлық жүйелер орнатылады. Жедел технологиялық байланыс құралының ерекшелігі – цифрлық жүйе сапасының жоғары болуы. Аппаратура әр станцияға орнатылатын болады. Шыны талшықты желі арқылы жұмыс істейді, – дейді телім бастығы.

Мәскеуден әкелінетін құрылғыларды орнату бірнеше апта ішінде басталады деп жоспарлануда. Мердігерлер өздері әкеп орнатып береді. Тек осы темір жол саласы үшін ғана жасалған жүйе арқылы телефон байланысы жақсарады. DХ-500 цифрлы жеделтехнологиялық байланыс жүйесі станцияішілік сыртқа шығатын және ішке келетін автоматты байланысты, сонымен қатар цифрлы, цифрлы-баламалы және баламалы желілердің халықаралық байланысын ұйымдастыруға бағытталған. Сондай-ақ оның жұмысы пойыздар қозғалысы мен маневрлік жұмыстардың технологиялық процесін тікелей жедел басқару үшін жедел-технологиялық байланысты ұйымдастыруға арналған. Аталған жүйе цифрлық желіде бастапқы цифрлық арналар бойынша тарқату және орындау станцияларында кешендер арасындағы бірігу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.