Құрылғылар күтімі жоғары

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Майлытоғай мен Түркістан станциялары арасындағы теміржол нысандары мен жергілікті тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының Шиелі станциясындағы аудандық электр желісі торабының ұжымы жыл басынан бергі бес айды ешқандай ақаусыз қорытындылап отыр.

Қуат көздеріне техникалық, ағымдық күтім, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысандарды кідіріссіз электр қуатымен қамтамасыз етіп, аталған телімдерден өткізілетін жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына қызмет жасауда.

Шиелідегі АЭЖ бойынша жоспарлы ескерту жұмыстарын орындау мақсатында мамыр айында және бес ай ішінде кешенді жұмыстар атқарылған. Соның ішінде кернеуді өшірместен СОБ құрылғыларының қуат көздерін тексерудің мамыр айына белгіленген 140,8 шақырымның орнына 350,96 км бақылаудан өткізілген. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің қатысуымен құрылғыларға техникалық қызмет көрсетудің сапасын анықтау үшін сигнал жүйесіндегі әуе желілерін тексеру, ажыратқыштарды, сигнал беру жүйесінің әуе желісі арқылы өткізілуінің жай-күйі мамыр айында 121,5 км, бес айда 526,0 км тексерілген. Дизель генераторлы ДГА блогы қуат көзіне жүктелмей, мамыр айында үш мәрте, бес айда 20 рет тексеруден өткізілген. Жоғары кернеулі қуат тіректерінің мамырда – 98, бес айда 174 данасының жағдайы тексерілген.

– Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының Шиелі станциясындағы аудандық электр желісі теміржолшылары пойыздардың қауіпсіз қозғалысын сақтаумен қатар телімдердегі теміржол нысандарын электр қуатымен қамтып, телімдердегі ВЛ-10кВ СОБ, РП, ТП, КТП, ЦРП, РПК, РПП-10кВ, ВЛ-0,4кВ секілді куат көздеріне ағымдық-техникалық күтім жасап, қажет жағдайда жөндеу жұмыстарын атқарып, электр құрылғыларының тұрақты электр күшін таратуы үшін тәулік бойы жұмыс жасауда. Біздер АЭЖ бекітілген аумақтағы нысандарды электр қуатымен үздіксіз қамтылуы үшін ВЛ-10кВ, РП, ТП, КТП құрылғыларына жоспарлы бақылап тексеру жұмыстарын, ЦРП, РПК, РПП-10кВ нысандарына техникалық күтім жасап, жөндеу шараларын, ВЛ-0,4кВ желілерін техникалық күтім және жөндеу жұмыстарын жасаудамыз. Өндірістік жұмыс барысында тұтынушылардан, теміржол нысандарындағы электр құрылғыларының жұмыстан тыс қалуы жайлы шағым болған жоқ, бұл – ұжым теміржолшыларының бірлігі мен кәсіби жауапкершілігінің нәтижесі, – дейді Шиелі АЭЖ басшысы Алмат Үмбетов.

Шиелі ауданаралық электр жүйесінің Бесарық пен Жаңақорған станцияларында монтерлік пунктерінде бір ауысымда 8 адам қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылмауы үшін жауапкершілікпен қызмет жасайды. Жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында электр құрылғыларына күнделікті жасалатын күтіп баптау жұмыстары күн тәртібінен бір сәт болса да түскен емес. Осы бағытта автобұғаттау мен ток көзі құрылғыларының жоғары кернеулі желілерінің жыл басынан бергі бес айында және өткен мамыр айында да жұмыстар қарқынды жүргізіліп электр құрылғыларының жұмысқа жарамдылығы назарда ұсталыпты. Мәселен, ВЛ-10кВ, РП, ТП, КТП құрылғыларына күтім жасау барысында ВЛ10кВ желісінің мамыр айында15,39 километрі, бес айда 69,15 шақырымы бақылаудан өткен, осы желінің тірек бағаналарының 31 данасы тексеруден өтсе, вентильді ажыратқыштардың бес айда 10 жиынтығы тексеріліп, қажет жерлері жөндеуден өткізілген. Аумақты тексеріп бақылау кезінде 8 бағананың бандажы керіліп байланған, қисаюға бейім 10 бағана түзетілген. Нысандар маңын өрт шалу қаупінің алдын алу үшін жыл сайын жұмыстар жүргізілетіндіктен биылғы бес айда 0,2 шаршы метр аумақ пен 18 электр бағанасының айналасы тазаланып, 51 бағананың қауіпсіздік белгілері мен нөмірлері жаңаланған екен.

– Басты міндет қозғалыс қауіпсіздігін сақтау шараларын қатаң сақтап, нысандарды электр қуатымен жабдықталуын қамтамасыз ету болғандықтан әріптестермен күнделікті ауысым алды инструктажы, насихат жұмысы жүргізіліп, техникалық қауіпсіздік шараларына аса назар аудару ескертіледі. Нысандарда тексеру, бақылау жұмысын жасағанда ескерту белгілерін қолдану басты назарда ұсталады, – дейді ұжым басшысы.