Болашақ станциясында ай сайын тексеру жұмыстары жүргізілуде

 Болашақ станциясында ай сайынғы комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Станцияға қарайтын Құрмаш бекетінде басталған тексеру шарасына қозғалысшылар, байланысшылар, электр монтерлері, вагон қараушылар, жолшылар бірлесе атсалысуда.

Маңғыстау жол дистанциясының аталған станциядағы №8 телімнің бастығы Болат Абатаевтың айтуынша, бірнеше күнге созылған тексеру жұмыстары барысында Болашақтың айналасындағы бекеттерде өткізіліп отыр.

– Бізде ай сайын 1 мен 10 аралығында 971-ЦЗ бұйрығына сәйкес разъездегі және станциядағы барлық шаруашылық түгел тексеріледі. Бұйрық бойынша ұйымдастырушы станция бастығы болып есептеледі және сол кісі төраға болады, – дейді телім бастығы.

Тексеру кезінде жол дистанциясы, белгі беру және байланыс дистанциясы, электрмен жабдықтау мекемесі, вагон қараушылар және тағы басқа мекемелердің жауапты тұлғалары қатысуы тиіс. Ал І,ІІ класты станцияларда мекеме басшылығы кесте бойынша келіп атсалысуы керек.